Шенеуніктер өз кінәсін мойындады.

Жамбыл облысында ауылдың екі әкімі жақын туыстарына жер берген. Екі шенеунік 275 мың теңгеден айыппұл арқалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық соттың хабарлауынша, екі лауазымды тұлға өз басшыларына жер телімдері берілген азаматтармен туыстық байланыстар мен мүдделер қақтығысының туындау қаупі туралы хабарламай, жақын туыстарына жер пайдалану құқығын берген.

"Іс материалдарынан белгілі болғандай, 2024 жылдың желтоқсан айында Полатқосшы ауылдық округі әкімінің жұбайының анасына 1 жыл мерзімге 0,0692 га жер телімі бау-бақша өсіруге берілген. Екі айдан кейін жер телімі коммерциялық мақсаттағы санатқа ауыстырылған.

Ал Қаратөбе ауылдық округі әкімінің әпкесі бау-бақша өсіру үшін 0,1 га жер теліміне, сондай-ақ жеке меншікте бұрын жалға алынған 0,0763 га жер теліміне құқық алған. Әкім әйелінің әкесіне 0,3500 гектар жер телімін берген", — делінген сот хабарламасында.

Жамбыл аудандық сотында мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қолданбауына қатысты екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды (ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабы).

Лауазымды тұлғалар өз кінәларын толық мойындады. Сот оларды ӘҚБтК-нің 680-бабы бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысына 275 мың теңгеден әкімшілік айыппұл салынды.

Қаулылар заңды күшіне енді.