Екіжақты күн тәртібінде мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық ерекше орын алады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Кейінгі жылдарда екі елде алма-кезек өткен Қазақстан мен Әзербайжанның Мәдениет күндері және Кино күндері айтулы оқиғаға айналды. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелендіру үшін Мәдени ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауға уағдаластық. Білім мен ғылымды, жастар байланысын дамытудың перспективасы мол екеніне арнайы тоқталдық. Осы мақсатта Бакуде былтырдан бері Қазақстан-Әзербайжан ғылым және білім орталығы қызмет етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.
– Біз халықаралық саясаттың барлық өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екенін атап өттік. Көпжақты құрылымдар аясындағы жұмысты үйлестірудің маңызына мән берілді. Өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынымызды жеткіздік. Баршаңызға белгілі, Президент Ильхам Гейдар оглу Әлиев Президент Трамптың белсенді араағайындығымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт декларацияға қол қойып, тарихи миссиясын орындады. Қазақстан мұны ресми түрде құптады. Қол жеткізілген келісімдер Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, жалпыға ортақ өркендеу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Жалпы, сапар қорытындысы бауырлас халықтардың игілігі үшін стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға қос тарап та дайын екенін айқын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне назар аударды.
– Халықтарымызды ортақ рухани-мәдени құндылықтарға арқа сүйеген ғасырлардан тамыр тартатын достық пен бауырластық қатынастар байланыстырады. Бұл – біздің мемлекетаралық ынтымақтастығымыздың берік іргетасы. Соңғы үш жылда бір-бірімізге оннан аса сапар ұйымдастырдық. Ықпалдастығымыздың қаншалықты қарқынды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әрбір кездесу, әрбір талқылау түпкі нәтижені көздейді. Бүгін біз салалық министрліктердің есебі мен келешек жоспарларын тыңдадық. Жұмыс қорытындысына көңіл толады. Өйткені белгіленген міндеттердің бәрі орындалып жатыр. Мемлекетаралық кеңес аясында қол жеткізілген келісімдер халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді, – деді Әзербайжан Президенті.