Министрлік осы оқиғадан кейін сабақ алдық деп отыр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев "Қайрат" пен "Реал Мадрид" матчы кезінде телетрансляция неге үзілгенін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстандықтар "Қайрат" пен "Реал Мадрид" матчы кезінде телетрансляция үзіліп, дұрыс көрсетілмегені туралы әлеуметтік желіде жарыса жазған болатын.
"Әрине, Реалдың Қазақстанға келгені біз үшін елеулі оқиға болды. Өздеріңіз білетіндей, Реал – дүние жүзіндегі әйгілі команда. Біздің білуімізше, кейде оның ойынын тамашалайтын адамдардың саны 1 млрд-қа дейін жетеді. Енді сол кезде сондай оқиға болды. Яғни, Qazaqstan телеарнасының интернет порталында сондай оқиға болды. Бірақ эфир кезінде кабелдік телевидение, спутниктік телеарна істеп тұрды", – деді вице-министр.
Оның сөзінше, халық телеарнаны аз көріп, интернетті көбірек таңдай бастаған.
"Бір уақытта 500 мыңнан астам, тіпті 3-4 млн-ға дейін көрермендер саны артып кеткен. Бізде ондай ешқашан болмаған. Бірақ осы оқиғадан кейін сабақ алып, Qazaqstan телеарнасы "Қазақтелеком" компаниясымен бірге тиісті шаралар қолданды. Өздерінің серверлік күштерін 4-5 есе көбейтті. Сондықтан болашақта мұндай оқиғалар болмайды", – деді Досжан Мұсалиев.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда жасанды интеллект министр болуы мүмкін бе деген тақырыпта материал жазған едік.