Елімізде есірткі өндірушілерге қатысты ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы бар.
Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.
Жеке тоқталып өткім келеді. Осы жылдың басынан бастап есірткі өндірушілерге қатысты заң күшіне енді. Ол өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жазаны көздейді, – деді Қуандық Әлжанов.
Сарапшы атап өткендей, бұл шара – мемлекет тарапынан есірткі бизнесіне қарсы күрестің барынша қатаңдатылғанын көрсетеді.
2024 жылы полиция 29 есірткі зертханасын жойып, 419 кг синтетикалық есірткі тәркілеген. Ал 2025 жылдың 9 айында – 12 зертхана жойылып, 1 тоннадан астам синтетикалық есірткі алынды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп.
Егер 1 граммнан үш доза алынатынын ескерсек, шамамен 3 миллион доза заңсыз айналымға түспей қалды. Бұл – мыңдаған адамның өмірі мен тағдыры сақталып қалды деген сөз, – деді Әлжанов.
Биыл ұзақ мерзімді жедел жұмыстар нәтижесінде 16 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, оның ішінде 3-еуі трансұлттық деңгейде әрекет еткен.
76 адам ұсталды, оның ішінде:
- 16 – топ жетекшісі,
- 60 – белсенді қатысушы.
Сондай-ақ 24 тоннаға жуық химиялық заттар тәркіленді, оның ішінде 17 тонна прекурсорлар мен түрлі реактивтер мен құрылғылар бар.