Қазақстан экспорттық қоржынды кеңейтуді ұсынып отыр.
Былтыр Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 534 млн доллар болды. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков "Қазақстан – Әзербайжан" бизнес форумында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2024 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 534 млн доллар болды. Оның ішінде 485,3 млн доллар қазақстандық өнімдердің экспортына тиесілі, ал 48,6 млн доллар – Әзербайжаннан импорт. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында өзара сауда көлемі 343,3 млн долларға жетті. Оның ішінде 290,8 млн доллар – Қазақстан экспорты, ал Әзербайжаннан келетін импорт 58%-дан астамға өсті. Қазақстан экспортының негізгі бөлігін бидай, мұнай, мұнай өнімдері және азық-түлік тауарлары құрайды. Ал металл құрылымдары, алюминий, полимерлер, алкоголь өнімдері мен жеміс-жидек импортталады", – деді Айдар Әбілдабеков.
Оның айтуынша, Қазақстан экспорттық қоржынды кеңейтуді ұсынып отыр.
"Жалпы көлемі шамамен 14,5 млн тонна болатын агроөнеркәсіптік өнімдерді қосуға болады. Оған астық және майлы дақылдардан бастап, ұн, күнбағыс майы және картоп секілді өңделген өнімдер кіреді. Бұл тауарлар өзара сауда-саттықтың негізіне айналып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы аграрлық әріптестікке жаңа леп беруге мүмкіндік жасайды", – деді Сауда және интеграция вице-министрі.