Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Әзербайжан Республикасының цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәбиевпен кездесу барысында мәлімдеді .

Қазақстан ЖИ саласындағы түркі елдерінің ғылыми әлеуетін біріктіретін ортақ үлкен тілдік модельді (LLM) әзірлеуге қатысуға дайын, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Цифрлық егемендік — басты басымдықтардың бірі. Әсіресе жасанды интеллект саласында деректердің ұлттық ерекшелігі мен бірегей деректер жиынтығы маңызды рөл атқарады. Өзіміздің ЖИ платформамызды дамыту — ел қажеттілігі мен мәдениетіне бейімделген үлгілерді құруды талап етеді. Қазақстанда KazLLM және AlemLLM атты ірі тілдік модельдер әзірленді, олардың ішінде қазақ тіліндегі үлгілер де бар. Біз жинақталған тәжірибені пайдалана отырып, түркі елдерінің ғылыми әлеуетін біріктіретін ортақ үлкен тілдік модельді жасауға атсалысуға дайынбыз", — деді Жаслан Мәдиев.

Министрдің айтуынша, мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанда қажетті технологиялық инфрақұрылым бар. 2025 жылғы шілдеде Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу кластері саналатын Alem.Cloud Ұлттық суперкомпьютерлік орталығы ашылды. Ол ЖИ модельдерін оқытуға, енгізуге және әлемдік деңгейдегі ғылыми-инженерлік есептеулерді жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Әзербайжан IT-компаниялар, зерттеу орталықтары және стартаптар арасындағы өзара іс-қимылды Astana Hub және Silkroad Innovation Hub (АҚШ) арқылы белсенді түрде дамытып келеді. Бірқатар әзербайжандық стартап Astana Hub акселерациялық бағдарламаларынан сәтті өтті. Олардың қатарында Tryverse, Metatesk, Voiceloft және Tripsome.com бар. Бұл компаниялар Әзербайжанда табысты жобаларды іске асырып, өсу әлеуетін көрсетіп отыр.

Қазақстандық IT-компаниялар да Әзербайжан нарығына шығуда. Мемлекет басшыларының сапары аясында өтетін IT-көрмеде олардың жұмыстарының нәтижелері ұсынылады.

Qalan — математиканы геймификация және тәлімгерлік элементтерімен оқытатын платформа және мобильді қосымша. Әзербайжанда 1000-нан астам оқушы осы платформа арқылы білім алуда.

• JET — микромобильдік нарықтағы көшбасшы. 2022 жылдан бері Әзербайжанда жұмыс істейді, 216 мыңнан астам пайдаланушысы бар.

• SmartWaterLevel — су деңгейін бақылау жобасы. Пилоттық жоба Түрянчай Сол Сахил каналында іске асырылды (құны – $1 млн).

• Sergek Patrol Bus — "ақылды қала" ұлттық ЖИ платформасы. Бакудегі BakuBus 7A бағытында орнатылған.

"Бұл сапар екі елдің инновациялық экожүйелерін одан әрі біріктіруге және серпін беруге ықпал етеді. Біз Astana Hub пен Silkroad Innovation Hub арқылы ынтымақтастықты кеңейтіп, әзербайжандық стартаптар жаһандық акселерациялық бағдарламаларға белсенді түрде қатысады деп үміттенеміз", – деді Мәдиев.

Айта кету керек, Қазақстанда жасанды интеллект мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Қазіргі уақытта "Жасанды интеллект туралы" заң әзірленіп жатыр, ол жасанды интеллектіні қауіпсіз және этикалық тұрғыда қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды, оның құрамына әлемге танымал сарапшылар — Кай-Фу Ли, Питер Норвиг, профессор Пол Ким, т.б. бар.

2025 жылы Астанада Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Ол оқыту, зерттеу және стартаптарды қолдау бағыттарын біріктіреді және Telegram, Microsoft, Google, Apple, Huawei сияқты серіктестермен ынтымақтасады.

Адам капиталының дамуы Tech Orda және TechnoWomen бағдарламалары арқылы қамтамасыз етіледі, олар ІТ мамандарын даярлауға және әйелдердің цифрлық экономикаға белсенді қатысуына бағытталған.

Кездесуде сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары: Каспий теңізі арқылы өтетін суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салу, Astana Hub және Silkroad Innovation Hub арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, Alem Ventures венчурлық қоры мен ЖИ және спутниктік жобаларды дамыту, сондай-ақ ЭСКАТО қолдауымен Алматыда Тұрақты даму жөніндегі аймақтық цифрлық шешімдер орталығын құру сынды мәселелер талқыланды.

Әзербайжан Президентінің Қазақстанға сапары аясында Акордада жасанды интеллект және мемлекеттік қызметтер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.