Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
2025 жылғы 1 қыркүйектен 19 қазанға дейінгі кезеңде Қазақстан жаңа астық өнімінен 1,6 млн тонна астық экспорттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйектен 19 қазанға дейінгі кезеңде Қазақстан жаңа астық өнімінен 1,6 млн тонна астық экспорттады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14%-ға көп (2024 жылы – 1,4 млн тонна).
"Экспорт көлемі негізінен Орталық Азия және Кавказ елдері бағытында артқаны байқалады. Мәселен, Өзбекстанға экспорт көлемі 41%-ға өсіп, 568 мың тоннадан 801 мың тоннаға жетті. Ал Тәжікстанға 3,8%-ға өсті (236 мыңнан 245 мың тоннаға дейін), ал Қырғызстанға жеткізілім 2,6 есеге көбейіп, 17 мыңнан 45 мың тонна болды", – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, Әзербайжанға экспорт 3,4 есеге ұлғайса, (11 мыңнан 38 мың тоннаға дейін), Ауғанстанға жеткізілім 28,6%-ға өсіп, 56 мыңнан 72 мың тоннаға жетті, сондай-ақ, Түрікменстанға экспорт 66,7%-ға көбейіп, 3 мыңнан 5 мың тоннаға дейін көбейді.