Қазақстанда төменгі жалақыны көтеру ұсынылды .
Мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдары негізіне сәйкес, қазіргі 85 000 теңгені 110 000 теңгеге дейін ұлғайтқан жөн, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазір еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге.
– Халықаралық тәжірибе мен экономикалық жағдайды ескере отырып, ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыру әлеуметтік әділеттілік пен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған қадам болмақ, – делінген құжатта.
Бүгін ғана Мәжілісте "Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" заң жобасы қаралған еді.
Сонымен қатар, депутат әрі экономиист Дәулет Мұқаев та 85 мың теңгенің дымға жетпейтінін ашық айтып отыр. Оның пайымдауынша, 85 мың теңге жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Өйткені, Қазақстанда 1 миллион 100 мың азамат дәл осы деңгейдегі жалақымен жан бағуда. Сондықтан, оны міндетті түрде көбейткен жөн. Әлбетте, Үкімет жалақыны көтеруден бұрын инфляцияны тежеу тетіктерін нақты ұсынса игі. Өйткені, инфляция деңгейі – ресми түрде 12,9 пайыз.
– Ұлттық банктің инфляциялық мақсаты – 5 пайыз. Бірақ ол меже 2025-2026 жылдары да орындалмайтыны анық. Сондықтан, ең төменгі жалақыны көтеру керек деген ұсыныстар беріліп жатса да, өкінішке қарай, келесі жылы ол сол күйі 85 мың теңге болып қала береді, – деп нақтылады ол.