Зауыт ұжымын қуанышты сәтпен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады.
Бүгін Жетісу облысында Республика күнінің қарсаңында "Қайнар-АКБ" зауытының жаңа өндірістік желісі іске қосылды. Мұнда резервте электр қуатын беруге арналған аккумулятор батареялары өндіріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Жаңа жоба облыс экономикасын дамытуға, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға ықпал етеді деп сенеміз. Бұрын автокөлік аккумуляторлары "Қайнар" зауытының танымал бренді болса, енді оның жаңа өнімдері де сапа мен сенімділіктің кепілі болғалы отыр. Біз отандық өнім өндіру ісін ұйымдастыруға септігін тигізетін осындай бастамаларды әрдайым қолдауға дайынбыз, – деген өңір басшысы бірқатар зауыт жұмысшыларына алдағы Республика күніне орай Құрмет грамотасы мен Алғыс хат тапсырды.
Өз кезегінде "Қайнар-АКБ" ЖШС бас директоры Ербол Ажмағамбетов облыс әкімдігінің қолдауына ризашылығын білдіріп, жаңа желінің жұмысы зауытқа тың тыныс беретінін атап өтті. Мұнан соң өңір әкімі мен зауыт басшысы символдық нүктені басып, жаңа желінің жұмысын ресми түрде бастап берді.
Зауыт жұмысшыларымен тілдескен Бейбіт Исабаев құю, үгіту, қаптау цехтарын аралап, жұмыс процесімен танысты.
Зауыт басшылығының мәліметіне қарағанда, жаңа жобаны іске асыруға әзірге 10 млрд. теңге инвестиция тартылған, алдағы уақытта инвестиция көлемі өседі деп күтілуде.
– Бұл біздің зауыттың үшінші өндірістік учаскесі. Жаңа желіде өндіретін аккумулятор батареялары резервте қуат беруге арналған, яғни белгілі бір нысанда электр тогы сөніп қалған жағдайда ток көзімен қамтамасыз ету үшін және телекоммуникация салаларында пайдаланылады, яғни корпоративтік сектормен жұмыс істеуге басымдық беріп отырмыз. Жобаның І кезегінде, яғни келесі жылы шамамен 100 мың аккумулятор батареяларын шығару жоспарланып отыр. Мұнда жұмыс істейтіндер саны 150 адамға жеткізіледі. Бұл желіге бұрыннан осы зауытта жұмыс істеп, өндірісті кәсіби деңгейде білетін азаматтар тартылып отыр, ал олардың босаған жұмыс орындарына жаңа мамандар қабылдануда, – дейді бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Талғат Қонақбаев.
Жаңа желіге тартылған мамандардың бірі Асқар Рахым жұмыстың барысы туралы пікірін білдірді:
– Мен осы зауытта 2023 жылдан бері жұмыс істеймін. Алғашында жинақтау учаскесінен бастадым. Сол жылдардан бері кәсіпорынның өндірістік қуаты өскенін, аккумулятор сапасының жақсара түскеніне тұрақты куә болып келеміз. Сонымен бірге жаңа технологиямен жұмыс істеуді де меңгердік. Ол үшін бізді арнайы оқытудан өткізіп тұрады. Мұндағы жұмыс қиын емес, ең бастысы өз ісіңді жақсы көріп, ынтамен атқарсаң болғаны, – дейді ол.
Еске салсақ, "Қайнар-АКБ" зауыты — облыстағы ең ірі, жүйеқұраушы кәсіпорынның бірі. Онда 1200 адам жұмыс істейді. Зауыттың Талдықорған қаласы өнеркәсібіндегі үлесі қазір 33,6% құрап отыр. Бүгінде мұнда жеңіл және жүк автомобильдеріне, ауыл шаруашылығына, әскери техникада т.б. салаларда қолдануға арналған аккумулятор батареяларының 50-ден астам түрін шығарылады. Кәсіпорында аккумулятор өндірісінің толық автоматтандырылған циклі енгізілген — бөлшектерді құюдан бастап дайын өнімді құрастыруға дейінгі барлық құрамдас бөліктер өндіріледі. Өнімдері Италия, Польша, ОАЭ, Ресей, Қытай және басқа да таяу шетелдерге экспортталады. Өткен сегіз айда мұнда шамамен 1,7 млн дана аккумулятор батареясы шығарылған.