Астана тұрғыны алаяқтардың құрбаны болып, кіші қажылыққа бару мүмкіндігі мен ірі көлемде қаржысынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жәбірленушінің айтуынша, ол Instagram арқылы бір туристік компанияны тауып, өкілімен қажылық сапарын ұйымдастыру туралы келісімге келген. Ол екі жолдаманың ақысын төлеген, алайда ұшу күні келгенде виза да, әуе билеттері де болмаған. Ал компания директоры байланысқа шықпай қойған. Келтірілген шығын көлемі – шамамен 1,5 миллион теңге.
Сарайшық ауданының полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Алаяқ 33 жастағы әйел болып шықты. Бұған дейін әйелдің үстінен Алматы қаласында 60-қа жуық алаяқтық дерегі тіркелгені анықталды.
Полицияның мәліметінше, алаяқ әйел қажылық сапарын ұйымдастыру туралы құжаттарды қолдан жасап, сенгіш азаматтардың ақшасын жымқырып отырған.