Зардап шеккендердің арасында 7 бала бар.

Қостанай облысының Арқалық қаласында тойға барған қонақтар жаппай тамақтан уланып, 85 адам ауруханаға түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Дәрігерлердің мәліметінше, оқиға Арқалықта мейрамханадағы 60 жасқа арналған мерейтойдан кейін болған. Уланғандардың үшеуі емделуден бас тартқан.

– Санитарлық авиация арқылы инфекционист дәрігерлерден, штаттан тыс мамандардан, терапевттер мен педиатрлардан құралған мамандар тобы жіберілді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Жангелдин ауданында 27 науқас, Арқалықта – 52, облыстық ауруханада – 6 адам бар. Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, өмірлеріне қауіп жоқ, – деді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева.

Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мейрамханда тексеру жүргізіп, микробиологиялық және бактериологиялық талдау үшін тағам мен судан үлгілер алынған.

Мейрамхананың қызметкерлері тексерілді. Талдау нәтижелері әлі дайын емес.

Белгілі болғандай, кафе күнделікті қызмет көрсетпеген, тек банкеттік шаралар ұйымдастырған.

– Қылмыстық кодекстің “санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қостанай облысының бас мемлекеттік дәрігері мейрамхана қызметін тоқтату туралы бұйрық шығарды, – деді департамент басшысының орынбасары Гүлім Досымова.