Алматы Республика күнін ерекше форматта атап өтеді.
Алматыда Республика күніне орай жүзден астам мәдени, спорттық және экологиялық іс-шара өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін 15–26 қазан аралығында концерттер, флешмобтар, патриоттық акциялар мен көрмелер ұйымдастырылған.
Басты мерекелік іс–шаралар 24 және 25 қазанда өтеді.
24 қазанда Республика сарайында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның 35 жылдығына арналған концерт өтеді. Ал 25 қазанда "Медеу" мұз айдынында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі мен көпшілікпен бірге Әнұран орындау жоспарланған.
Қала бойынша әр ауданда мерекелік концерттер, флешмобтар мен экологиялық акциялар ұйымдастырылуда. Мәселен, Абай алаңында ерекше Qazaq Flag Cube акциясы өтіп, қатысушылар Рубик кубиктері арқылы Мемлекеттік Тудың бейнесін құрастырады. Сонымен қатар Орталық стадионда алып көлемдегі Туды жайып көрсету рәсімі өтеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда құрылыс бақылауы күшейді: заң бұзғандарға лицензия берілмейді
Мәдени бағдарламалар қатарында филармониядағы "Елім менің" концерті, Мемлекеттік қуыршақ театрындағы "Алтын адам" спектаклі және Almaty Gallery-дегі "Алматы әуендері" концерті бар.
Мереке қарсаңында спорттық іс–шаралар да назардан тыс қалмады: скандинавиялық жүріс марафоны, футбол турнирі және жүзу жарыстары ұйымдастырылған.
Сонымен қатар қаладағы он ірі сауда және ойын-сауық орталықтарында да Republic Day мерекесіне арналған концерттер мен жәрмеңкелер өтеді.