Астанада шахматтан Қазақстан біріншілігінің ақтық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
28 үздік спортшы өзара мықтыны анықтайды. Турнир екі санаттан тұрады – Open және Women. Әрқайсысында 14 шахматшыдан. Жарыс 13 турдан тұратын айналмалы жүйе форматында өтеді. Әр партияға 90 минут, ал әр қадамға 30 секундтан беріледі.
Шахматтан ел біріншілігінің ақтық кезеңіне қатаң іріктеуден сүрінбей өткен үздіктер ғана жиналды. Олардың қатарында сайыстың былтырғы жүлдегерлері, жастар біріншілігі мен жартылай финал жеңімпаздары бар. Кіл мықтылар сынға түсер бәсекедегі ең жас шахматшы – Әлімжан Жауынбай. Ол 11 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің екі дүркін чемпионы. Бұдан бөлек, Азия чемпионы, Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, 11 жасқа дейінгі шахматшылар арасында елдегі ең жас FIDE шебері сияқты атақтары бар. Биыл сәуір айында Душанбеде кадеттер арасында өткен Батыс Азия біріншілігінде ағасымен бірге алтын медаль тақты.
Әлімжан Жауынбай, жарысқа қатысушы:
- Шахмат ойнауды әкем үйретті. Басында жай әуестеніп жүрдім. Кейін санаттар бойынша өзімді сынап көрдім. Жақсы нәтиже көрсеткен соң таңдауым осы спортқа түсті. Ойын кезінде тактикалық шабуыл жасай аламын. Уақытқа ойнау да қолымнан келеді. Мен 13 жасқа дейінгі қатарластарым арасында гроссмейстер атанғым келеді. Әлем бойынша рекорд орнатуға тырысамын.
Әлімжанның ағасы Алдияр да осы жарыста бағын сынап жатыр. Ол 13 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы. Кадеттер арасында Азияның вице-чемпионы. Бұл спортқа 9 жасында келсе де, біраз жетістікке жетіп үлгерген.
Жанар Үдербаева, Әлімжан мен Алдиярдың анасы:
- Жыл сайын бізді жоғары нәтижелерімен, марапаттарымен қуантып келеді. Екеуі жалпы алғанда 100-ге тарта жарысқа қатысыпты. Оның ішінде халықаралық, республикалық және қалалық сайыстар да бар. Ата-ана ретінде балаларымыздың дамуына қолайлы жағдай жасап келеміз. Қос ұлым бір-бірін үнемі толықтырып отырады. Мінездері әртүрлі болғанымен, екеуі де дарынды.
Әлімжан мен Алдияр Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер құрамасы сапында өнер көрсетеді. Спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Олардың әлемдік гроссмейстерлермен өтетін оқу-жаттығулары, қатысатын жарыс шығындары төленеді. Тағы стипендияларын алады.
Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:
- Біздің балалар әлем чемпионаттарында, Азия чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсетіп, соңғы әлем біріншілігінде бірінші орын алды. Жалпыкомандалық есепте Қытай мен Үндістаннан оздық. Қазақстан біріншілігі ересектер арасында өткізіледі. Сондықтан, әрине, көбіне ересектер ойнайды. Жас ұрпаққа финалға өту қиын болатын. Бірақ бізде жартылай финал бар. Сол жартылай финалда Алдияр Жауынбай өзінің алғырлығын көрсетіп, ересектер арасында бірінші орын алып, қазіргі таңда осы финалға қатысып жатыр.
Ағайынды Жауынбайлар келер айда «Ақтөбе Open» халықаралық турниріне қатысады. Оған Үндістаннан, Румыниядан, Ресейден және тағы да басқа елдерден 100-ден астам шахматшы келеді.
Айта кеткен жөн, елордада өтіп жатқан ел біріншілігінің жүлде қоры – 20 млн теңге. Жүзден жүйрік шыққандарға 3 млн теңгеден, екінші орынға 2 млн теңге, үштікке іліккендерге 1,5 млн теңге ақшалай сыйлықақы беріледі.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ғалымжан Әбділахат