Республика күні қарсаңында «Капитан Байтасов» фильмі көрерменге жол тартты. Туындыны Шәкен Айманов атындағы « Қазақфильм » киностудиясы түсірген. Батырдың ерлігі елге-мұра, ұрпаққа-өнеге.
Фильм 2011 жылдың қараша айында Таразда болған нақты оқиғаларға негізделген. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов бейбіт тұрғындарды террористен құтқару үшін, өз өмірін қатерге тігіп қаза болды. Жобаға Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы демеушілік етті. Көрсетілім алдында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын жеткізді. Аида Балаева өз сөзінде мұндай жобаларды қолдау — ұлттық киноны дамыту ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақтың бойына ерлік, әділдік, адалдық сынды құндылықтарды дарытудың маңызды құралы екенін атап өтті.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- «Капитан Байтасов» фильмі ерліктің, адал қызметтің көрінісі. Бұл туынды арқылы біз осы салада аянбай еңбек етіп жүрген батырлардың тұлғасын дәріптеп, елге қызмет етудің өнегесін көрсетеміз. Президент атап өткен «Заң мен тәртіп», «Адал азамат ұстанымдары» осы фильмде көрініс тапқан ерлік пен елге адалдық сынды құндылықтармен үндесіп жатыр. Өйткені мемлекеттің қуаты — заң мен тәртіпке, ал ұлттың беріктігі- азаматтарымыздың адалдығы жауапкершілігінде екені сөзсіз.
Батырдың ұлы Ғазиз Байтасов болашақта әкесінің жолын жалғастырып, ішкі істер органдарында қызмет етуді мақсат ететінін айтты.
Әділжан Байтасов, Ғазиз Байтасовтың ұлы:
- Осы фильмнің түсірілу барысына толықтай атсалысып, режиссёрлік құрамның шақыртуымен зерттеп, режиссёрлық, продюсерлік құрамның арқасында киноның шығуына үлес қостым деп айта аламын. Әкемнің рөлін сомдайтын Азамат Сатыбалды ағамыз. Рөлді жүз пайыз ашты деп ойлаймын. Себебі ол кісі де Жамбыл облысының тумасы. Ол бұл оқиғаны толық зерттеп, білген деп айта аламын.
Ал Ғазиз Байтасовтың әріптесі Нұрлан Қартабаев 2011 жылы Жамбыл облысында жол полициясы жеке батальонының командирі қызметін атқарған.
Нұрлан Қартабаев, Ғазиз Байтасовтың әріптесі:
- Ғазиз Байтасов өте батыр жігіт еді. Өз өмірін қиып, қаншама адамның өмірін аман алып қалды. Біз ондай соғысты көрген мемлекет емеспіз ғой. Сол сенбі әлі есімде. Ерте жұмысқа жиналамыз. Көшеге шығып кеткен кезде рациядан хабарлады. Қылмыс жасалған уақытта ғана білдік.
Көркем фильмнің режиссёрі Дәурен Қамшыбаев оқиға желісін көрерменге ерекше жеткізген. Ал басты рөлдерді Азамат Сатыбалды, Самал Еслямова, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Дархан Сүлейменов және Болат Қобыланды сомдады.
Қобыланды Болат, актёр:
- Терроризмге қарсы күресетін лауазымды азаматтың рөлін сомдайды. Осыдан бір жыл бұрын Алматы қаласында түсіріп бастадық. Ерекше, күрделі, жұмысы мен дайындығы көп процесс болды. Миллиардтық касса жинайтын фильмдердің қатарынан емес. Бұл туынды өсіп келе жатқан ұрпаққа еліміздің қаһарман азаматы болған Ғазиз Байтасовтың ерлігін таныстырады.
Ғазиз Байтасовтың ерлігі ел есінде мәңгі сақталып, отансүйгіштіктің, парыз бен адалдықтың символына айналды. Туынды бүгіннен бастап елдің барлық кинотеатрларда көрсетіледі.
Авторы: Дильназ Тұрғазыева