"Оян қазақ" фильмінің авторлары, танымал продюсерлер Мұрат Есжан мен оның жары Айсәуле Әбілда Алматы полициясынан қысым көріп көргенін мәлімдеді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Продюсер Айсәуле Әбілде өзінің жанайқайын желідегі парақшасында білдірді.
«5-қазан күні Алматы қаласында түсірілім жасап жатқанбыз. Сахнаның сценарийдегі уақыты — 2004 жыл. 3 көлікке сол жылдардағы нөмірді салып, Әл-Фараби-Достық көшелерінің қиылысында бұрылып бара жатқан жерінен көліктерді полиция тоқтатады. Кино түсіруге рұқсатымызды сұрап, біз Алматы қалалық полиция департаментінен алған назарға алынды дешен шаблонды жауабы бар хатымызды көрсетеміз.
Алматы қалалық мәдениет басқармасынан алған рұқсатымыз да бар. Соның бәрін қарап, біздің ештеңе бүлдіре қоймағанымызды білсе де, қырағы полицейлер Қайыпберген А., Ахметжан Р., Мамедәлі А., Есенбек А түр жасап, ауыр қылмыскерлерді әшкере қылғандай қуана-қуана протокол толтырды. Сондағы уәждері бұл әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының, 4-пунктіне сәйкес “4. Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару – бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға және бiр жыл мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.”-деген заңды бұзып тұр екенбіз.
Алайда, бұл жалған нөмірді ешкімнің қасақана тақпағанын, 60 адам ыстық пен суықта күн-түн демей кино түсіріп жүргенімізді, ол үшін мемлекеттік органдарды ескерткенімізді есепке де алған жоқ.
Қылмыскер таппай тұрғандай, қуана-қуана хаттамаларын толтырып, маған сотта бәрін түсіндіресіз, мүмкіндік беріледі деп өтірік уәдені төгіп, көлік айдап, күнін көріп жүрген жігіттерді бір тәулікке қамап, ертесіне болған сотына мені қатыстырмай, ештеңе түсіндіруге мүмкіндік берместен, сот хаттамасына бұл жігіттер көлікке жалған нөмірді қылмыс жасау үшін әдейі жабыстырғандай толтырып тастап, көліктің бәрін 1 күнге айып тұрағына тоғытып, жүргізушілерді 1 күнге қамады. Сол жағдай үшін жүргізушілерге біз ертесіне 2 240 000 теңге сыйақы төлеп бердік.
Негізі бұл жерде жүргізушілердің мақсаты қылмыс жасау емес, киноға түсу болғандықтан бұл істе әкімшілік-құқық бұзушылық құрамы жоқ еді ғой, оған қоса бізде көшеде кино түсіру бойынша ешқандай норматив, ереже жоқ, әркім өз білгенімізше хат жазып жүрміз дегенімізге ешкім назар да салған жоқ.
Кейін сотта да мені қатыстырмай, қатысу туралы өтінішімді де қарамастан сотты онлайн өткізіп тастады. Уақыттары тым тығыз, біреудің мұң-мұқтажын тыңдауға уақыттары жоқ қой бұл органдардың…
Қазір сол көлік жүргізушісі, Мұрат екеумізден 1 жыл көлік айдай алмайтындықтан, компенсацияға. 6 млн теңге сұрап отыр.
Бұл оқиғадан түйгенім, біздің әділетсүйгіш полицияның басты мақсаты — бізді қорғау емес, қорқыту һәм қорлау екен», — деп жазды продюсер.