Мұнда жылы 60 мың тонна дейін өнім шығарылмақ .

Павлодар облысында әлемдік талаптарға сай келетін заманауи ірі кластердің негізі қаланды. Бұл кәсіпорынды салып, іске қосу – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов атап өткендей, бүгінгі таңда Екібастұз моноқала мәртебесінен толыққанды шаһар деңгейіне көтеріліп келеді. Бұған дейін мұнда тек көмір өндірісі оң жолға қойылып, кеншілер шаһары атанса, бүгінде электр энергиясын өндіретін еліміздегі негізгі орталыққа, теміржол саласына қажетті бөлшектерді шығаратын кәсіпорындар желісі шоғырланған шаһарға айналды. Енді бұл қала ферроқорытпа өндірісі де өркендеуі тиіс. Күні кеше оның алғашқы қадамы жасалып, "KazFerroLimited" зауыты іске қосылды.

Аталмыш жобаның жалпы құны — 30,4 млрд теңге. Ол — Павлодар облысы аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған үш ірі өндірістік кешеннің алғашқысы. Барлық нысан іске қосылғаннан кейін Қазақстан қара және түсті металлургияда, машина жасау, көлік және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылатын стратегиялық маңызды материал — ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемде екінші орынға шығуға мүмкіндік алады. Жаңа кәсіпорын жылына 60 мың тоннаға дейін өнім шығаратын болады. Зауыт халықаралық экологиялық және технологиялық қауіпсіздік стандарттарына толық сәйкес келетін екі заманауи электр пешімен жабдықталған. Жоғары технологиялық кәсіпорын 99,9% тиімділікпен ауаны тазартуды қамтамасыз ететін заманауи гибридті сүзгілермен жабдықталған және ең жоғары экологиялық талаптарға жауап береді. Жобаны жүзеге асыру аясында 350-ден астам жаңа жұмыс орны да ашылады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген негізгі міндеттерге жауап беретін жобаның стратегиялық маңызы зор. Бұл өңдеу өнеркәсібін жедел дамыту, шикізат экспортына тәуелділікті азайту және өңірлерде экономикалық өсімнің жаңа бағыттарын қалыптастыруды қамтиды. Соның нәтижесінде Қазақстанды ферроқорытпа өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына қосуға қабілетті толыққанды металлургиялық кластерді құруға мүмкіндік жасалып отыр", — деді салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Айта кетейік, жаңа зауыттың бас директоры Қайрат Нүкенов – бұған дейін дәл осы Екібастұз қаласының, Павлодар қаласының әкімі қызметтерін атқарын. Аймақ басшысы Асайын Байхановпен бірге символдық түрде алғашқы электр пешін іске қосты. Аталмыш ферроқорытпа зауытының ашылуы — инвестициялардың тек экономиканы емес, сонымен бірге өңірдің әлеуметтік ахуалын да өзгертетінінің жарқын мысалы.