AI Sana бағдарламасы және ауқымды Alatau City жобасы қолға алынды.

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні жан-жақты енгізуді мемлекет дамуының басым бағыты ретінде белгіледік. Бұл туралы Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан цифрландыру көрсеткіші бойынша дүниежүзілік индекстерде жоғары орындарды иеленеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ, ең бастысы, болдық, толдық деуге болмайды. Әлемдегі ең жоғары талаптарға сай келетін заманауи экономиканы дамыту үшін ғылыми-техникалық прогресті жіті бақылап отыру қажет. Сондықтан біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні жан-жақты енгізуді мемлекет дамуының басым бағыты ретінде белгіледік.

Қазақстанның жаһандық озық үрдістерден кейін қалуына болмайды. Әйтпесе, замана көшіне ілесе алмаймыз. Ал оның салдары өскелең ұрпаққа тиюі мүмкін", – деді Президент.

Алғашқы ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. "Қазақтелеком" базасында тағы бір суперкомпьютер жұмыс істеп тұр. AI Sana бағдарламасы және ауқымды Alatau City жобасы қолға алынды. Аталған бағыттағы аса маңызды жұмысты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр.

"Стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды үш жыл ішінде толық цифрлық елге айналдыру. Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс.

Уақыт оздырмай, білімге негізделген экономика құруға кірісу қажет. Креатив пен инновация өсімнің арқауы, ал зияткерлік капитал елдің бәсекеге қабілеттілігінің өзегі болуға тиіс", – деді Тоқаев.