Алматылық клубтың негізгі қақпашысы Александр Заруцкий құрама сапына қайта оралды.
Мұндай сүйінші жаңалықты клубтың баспасөз қызметі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Еске салайық, Александар Заруцкий "Қайраттың" сырт алаңда "Селтикке" қарсы ойынында ауыр жарақат алған еді. Ол командаға көп көмектесті. Одан соң "Селтикпен" Алматыда өткен ойында "Қайраттың" екінші қақпашысы Темірлан Анарбеков алаңға шықты. Қосалқы құрамдағы қазақ ойыншысының осыдан кейін жұлдызды шағы туды. Өкініштісі, ол да ҚПЛ ойындарында жарақаттанып, алматылық ұжымның жауапты матчтарында 18 жастағы Шерхан Қалмырза қақпаны қорғаған болатын. Бір қызығы, үшінші нөмірдегі қақпашының да жолы болып, өз мықтылығын көрсетті, танымалдығы артты.
Екі апта бұрын "Қайраттың" екінші нөмірлі қақпашысы Темірлан Анарбеков жаттығуға қайта кіріскенін жазған едік. Енді алматылық клубтың негізгі қақпашысы Александр Заруцкий жарақатынан айығып, команданың сапын толықтырды.
Айта кетейік, Александр Заруцкий Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде өте жоғарғы деңгейде өнер көрсетті. Ол іріктеу кезеңде қақпасын бірнеше мәрте голдан аман сақтады, тіпті пенальтилерді де сәтті қайтарды.
Осылайша, қазір "Қайраттың" 3 қақпашысы да ойынға дайын тұр. Осы аптада "Астана" футбол клубымен ел чемпионын анықтайтын жауапты матчқа кім шығатыны әзірге белгісіз.