Кейбір есептеулерде осы тенденцияға сүйеніп Каспийдің Қазақстандағы бөлігі 2050 жылға қарай жағадан 35 шақырымға дейін алыстайтыны айтылып жүр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтында Каспий теңізіндегі су деңгейі туралы "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының болжамы жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазіргі климаттық өзгерістер мен антропогендік әсердің бірлескен ықпалы Каспий деңгейінің төмендеуіне әлі де әсер етіп жатыр. Бұл процестерге ең осал аймақ – теңіздің қазақстандық акваториясы.
Қазақстандық ғалымдар ("Қазгидромет" РМК) Community Climate System Model климаттық моделінің RCP4.5 және RCP8.5 сценарийлері негізінде жүргізген зерттеулер теңіз деңгейінің төмендеу үрдісі сақталатынын көрсетті.
Есептеулерге сәйкес, 2050 жылға қарай Каспий теңізінің деңгейі Балтық жүйесі бойынша –32,4…–34,0 м белгілеріне дейін төмендеуі мүмкін, – деп жазылған ресми мәліметте.
Каспидің Балтық жүйесі бойынша қазіргі деңгейі шамамен -28,5 метр деп бағаланады. Сонда 2050 жылға қарай Каспий деңгейі қазіргіден 5,5 метрге дейін түсуі мүмкін деген есеп шығады.
"Қазгидромет" РМК теңіз суы 1940 жылдан бері қалай құбылғаны туралы мәлімет ұсынған:
– 1940–1977 жылдары теңіз деңгейінің төмендеу қарқыны жылына 4 см болған (жалпы төмендеу 1,2 м);
– 1978–1995 жылдары деңгейдің жылына 13 см-ге көтерілуі тіркелді (жалпы көтерілу 2,5 м);
– 1996–2023 жылдары деңгейдің жылына 8 см-ге төмендеу кезеңі байқалды (жалпы төмендеу 1,83 м).
– 2006–2024 жылдары деңгей 2 метрге төмендеген.
Биыл тамыз айында Ақтауда өткен ғылыми конференцияда кейінгі 20 жылда Каспийдің Қазақстандағы бөлігі жағадан 18 шақырымға алыстағаны айтылды. Бұл аралықта теңіздің өз деңгейі орта есеппен 2 метр түскенін жоғарыда айттық.