Алматыда Республика күні тағы бір құзіреттілік орталық пайда болды.
Бұл қалада «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ашылған 15-ші біліктілікті арттыру орталығы. Енді Алматы автомеханика колледжін-де студенттер практикалық біліктілігін арттыра алады.
Алматы автомеханика колледжі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлайды. Студенттер автокөліктің қозғалтқышын жинау, шанақ бояу, электроникасын баптау сынды көптеген шеберлікке шыңдалады. Ал жаңадан ашылған құзіреттілік орталық теория мен тәжірибені тең үйренуіне септеседі.
Жәнібек Кәшенов, колледж студенті:
- Екінші курстан бастап біз осы мамандықпен жақсы жұмыс істедік. Сол жұмыс жасағанда ең алдымен біз электриктен тек тоқты ғана емес, түгел моторды да білу керек деп ойлаймын. Диодтарды, тоқтарды қалай жалғау керек, плюсті қай жерге, минусты қай жерге қою керек екенін жақсы біле алдық.
Колледжде осыған дейін 34 кабинет пен 8 шеберхана болыпты. Енді оқу кабинеті 40-қа, шеберхана саны 12-ге жеткен. Студенттер заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істейді және нақты өндірістік процестерді меңгереді.
Темірбек Рахманов, Алматы автомеханика колледжінің директоры:
- Сұраныс өте жоғары, өйткені мына зауыттар салығаннан бері олар күнделікті қанша машина шығарып жатыр, сұраныс көп. Сұраныс көп болғандықтан және халықта осыған басын бұрып, биыл мысалы, біз 450 адам жинадық. Жыл сайын тек қана 300 адам алатын едік. Қазір сұраныс көп, өйткені бәрі түсініп жатыр автокөліктің артында болашағы зор екенін.
Бүгінде Алматы қаласындағы тек көлік өндірісі саласында 4000 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Алдағы жылы тағы бір шетелдік брендті құрастыратын зауыт іске қосылады. Оған осы автомеханика саласының түлектері тартылмақ.
Әбілқайыр Аймұхамбет, қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы
- Индустриялды аймақта жеңіл автокөліктерді өндіру саласы мықты қарқынмен дамып келеді. Жыл сайын Алматы қаласында Білім басқармасына қатысты мемлекеттік колледждерден 400-ден аса түлектер оқуларын бітіріп, біздің сол индустриялды аймақтағы авто іс мамандығы бойынша өз жұмыстарын тауып жатыр.
«Алматыда жыл соңына дейін жалпы 18 құзіреттілік орталық ашылады. Олар кәсіби білім берудің жаңа үлгісіне айналады», — дейді ұстаздар. Мақсат — тәжірибелі кадрларды даярлау.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев