Шымкент тұрғындары еркіндік пен бостандықтың кепілі болған ұлттық мерекені кеңінен тойлап жатыр.

Мәдени-патриоттық іс-шара аясында қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүрлер қайта жаңғырды. Сонымен қатар театрландырылған қойылымдар мен жергілікті баспа үйлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Ұлттық мерекені атап өту үшін тұрғындар таң азанымен орталық алаңға ағылды. Олардың көтеріңкі көңіл күйі жүзінен-ақ аңғарылып тұр. Мемлекетіміздің қастерлі нышандарына ерекше құрмет көрсетіп, бірін-бірі құттықтап, ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ел екенімізді көрсетіп жатыр.

Игі тілегі мен ізгі пейілін білдірген жұрт әдебиет әлеміне енді. Кітап сүйер қауымға арнап, көркем шығармалар, тарихи және ғылыми басылымдардың жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ал білек күші мен ептілігін сынағысы келетіндер үшін ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтіп жатыр. Қазақ күресі, асық ату, арқан тарту сияқты ойындарға бағалы жүлде тігіліп, ұлықтылып жатыр. Мерекелік алаңда балалардың да тілеуі ескерілген. Олар үшін қуыршақ театры мен цирк әртістері өнері көрсетті. Түрлі тәттілер мен ұлттық тағамдар ұсынылды. Көпшілік дәстүрлі ән мен күмбірлеген күйден ерекше әсерге бөленді. Басты мақсат «егемен елдің тарихын танытып, болашаққа деген бағдарды дәріптеу»,- дейді ұйымдастырушылар.

Республика күнін мерекелеу мұнымен шектелмейді. Бірлік пен еркіндікті, отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін кең ауқымды жоспар бар. Ал бүгін кешке осы орталық алаңда эстрада әншілерінің қатысуымен гала-концерт өтеді.