Бұл ұсыныс Брюссельде өткен ЕО көшбасшыларының саммитінде қабылданған декларацияда көрсетілген.

Еуропалық Одақ TikTok пен Instagram сияқты әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.

Бастаманың басты мақсаты – балаларды онлайн тәуелділіктен қорғау және цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздікті күшейту.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен әлеуметтік желілерге тіркелу жасын алкоголь мен темекі сатып алу ережелеріндей қатаң белгілеу қажет екенін айтты.

Оның сөзінше, 2024 жылдың қарашасында Австралия әлемде бірінші болып 16 жасқа дейінгілерге әлеуметтік желі қолдануға тыйым салған елге айналды. Еуроодақ бұл тәжірибені үлгі ретінде қарастыруы мүмкін.

Жыл соңына дейін Еуроодақ сарапшылары жас шектеуін енгізудің бірыңғай тетігін талқылау үшін арнайы кездеседі.