Бүгін – Ұлы Отан соғысында жауқазын ғұмыры қиылған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова (1925-1944) туған күн. Ұрпақ жадында ерлігі мен аты мәңгі сақталсын деп, рухына арнап көше есімі де берілді, ескерткіш те қойылды, өлең де жазылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

1925 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданының Бұлақ ауылында туған. Ата-анасы – Нұрмұхаммед Сарқұлов және Маржан Молдағұлова. Шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атаған. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. Ленинградтағы №9 орта мектепте оқыды.

Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері — Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті ілінген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы Снайперлер дайындау жөніндегі әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-әскер, 2-Балтық жағалауы фронты).

Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі №891 орта мектебі, Шымкенттегі №29 орта мектебі, Новосокольники №72 орта мектебі, Оралдағы №38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде Ә. Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музей бар.