Анкарада 10 рет халықаралық түркі елдерінің деректі фильм фестивалі өтті. Байқауда үздік деп танылған шығармалар екі күн қатарынан көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында қазақстандық деректі фильм де бар. Ел атынан ұсынылған телетуынды фестивальде жүлделі екінші орынға ие болды.
«Соңғы көшпенділер». Қазақстандық журналистер таспалаған деректі фильм осылай аталады. Телетуындыда ежелгі қазақ халқының көшпелі тұрмысы баяндалады. Әрісі Моңғолия мен берісі қазақ даласындағы тарихи кезеңдер мен халықтың тағдырлы жолы, дәстүрі мен мәдени болмысы көрсетілген.
Байқауда аталған туынды қос жүлдеге ілікті. Толықметражды деректі фильм бағыты бойынша екінші орын, сондай-ақ ТРТ телеарнасының «Ең үздік деректі фильм» арнайы сыйлығына лайық деп танылды. Фестиваль тарихында алғаш рет қазақстандық деректі фильм жүлдегер атанды.
Ғабит Бөкенбай, Qazaqstan ұлттық телеарнасының редактор-продюсері:
- Телевидениеде бір кісі жүріп жұмыс бітіре алмайды. Бұл – ұжымдық жұмыс. Бұл әрине, арна басшылығынан бастап, продюсер, оператор, монтажер, саунд дизайнер, жүргізушілерге дейін ортақ жеңісіміз. Осы жеңісімді Республика күніне арнаймын. Отандастар, құтты болсын!
Ал өзбекстандық әріптестер «Түркістан» номинациясын иеленді. Олар таспалаған туынды Түркістан азаттығы үшін күрескен қоғам қайраткері Әлихан Төре Сағунидың өмір жолына арналады.
Розыбай Қолдашов, Өзбекстан ұлттық телерадио компаниясының бас редакторы:
- Біз дайындаған фильмнің атауы – Түркістан қайғысы. Туындының басты кейіпкері Әлихан Төре Сағуни Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Әзербайжан, Түркияға мәшһүр қайраткер болған. Түркі әлемінің алғашқы маршалы саналады. Кеңес дәуірінде талай сыннан өткен Сағуни түркі елдерінің тәуелсіздігі жолында еңбек еткен тұлға. Міне, бұл фильмде Түркістанның азаттыққа жету жолы бейнеленген.
Шараны ұйымдастыруға түркі әлемі журналистерінің федерациясы мұрындық болды. Олардың айтуынша, фестивальге түркі мемлекеттерінен бөлек, Солтүстік Македония, Кипр, Румыниядан барлығы 300-ге жуық фильм ұсынылған. Түркі елдерінің ұлттық құндылығы мен мәдениетін дәріптеген туындылардың ішінен 12 фильм үздік деп танылды.
Нежми Пишкин, бақылау комиссиясының төрағасы:
- 2014 жылы біз осы федерацияны құрғандағы мақсатымыз – түркі мәдениетін, дүниетанымын кино арқылы, деректі фильм арқылы таныту еді. Осы мақсатта жыл сайын дәстүрлі байқау ұйымдастырамыз. Көксегеніміз – түркі әлемін, бауырлас халықтарды біріктіру, мәдени тұрғыда жақындастыру. Мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Біз мұны жүзеге асырдық деп ойлаймын.
Байқауда бәсі биік болған бірнеше фильм енді 10 елде көрермен назарына ұсынылады. «Алдағы айда көрсетілім Қазақстанда өтеді», — дейді ұйымдастырушылар.
Мендерес Демир, Түркі әлемі журналистері федерациясының президенті:
- Қазақстаннан кейін Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Солтүстік Македония, Мажарстан, Түркіменстан елдерінде фильм көрсетілімі болады. 3-7 қараша күндері Алматы қаласында өтеді. Іс-шара барысында коммуникация өнері симпозиумы өтеді. Танымал режиссёрлер, ғалымдар, БАҚ өкілдері бас қосады.
Екі күнге созылған фестиваль түркі әлемінің ортақ құндылығын насихаттап қана қоймай, тарихи бірлігін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж. Сүйіндіков