Бұл шешім Канадада түсірілген және Ақ үй басшысының саясатын сынаған жарнамалық бейнероликтен кейін қабылданған.

АҚШ президенті Дональд Трамп Канадаға салынатын тарифтерді қосымша 10%-ға арттырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC басылымына сілтеме жасап.

Аталған бейнеролик Онтарио провинциясының премьері Даг Фордтың тапсырмасымен әзірленген. Онда АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейганның сөздері қолданылған — Рейган тарифтер сауда соғысы мен экономикалық дағдарысқа алып келуі мүмкін екенін ескерткен.

Осы оқиғадан соң Трамп Канадамен сауда келіссөздерін тоқтатып, Онтарио билігін "жалған ақпарат таратты" деп айыптады.

Жұма күні Даг Форд өзінің провинциясында АҚШ-қа қарсы жарнамалық кампанияны уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім Канада премьер-министрі Марк Карнимен сөйлесуден кейін қабылданған. Оның айтуынша, "сауда келіссөздерін қайта бастауға мүмкіндік беру үшін" жарнама дүйсенбіде эфирден алынады.

Алайда сенбі күні Трамп өзінің Truth Social парақшасында жаңа жазба жариялап, бейнероликті "алдау" деп атап, тарифті тағы 10%-ға арттыру туралы шешім қабылдағанын айтты.

"Фактілерді бұрмалау мен дұшпандық әрекеттеріне байланысты Канадаға салынатын тарифті тағы 10%-ға көтеремін", – деп жазды ол.

Бұған дейін Канада премьері АҚШ тарап дайын болған кезде сауда келіссөздерін қайта бастауға дайын екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Қытай тауарларына 1 қарашадан бастап 100% баж салығын енгізетінін хабарлаған еді.