Корольдікте спирттік ішімдіктер мұсылман емес дипломаттарға ғана сатылады.

Сауд Арабиясы исламның отаны саналатын корольдікте 73 жыл бұрын күшіне енген алкогольге тыйым салутуралы заң жойылады деген ақпаратты жоққа шығарды. Мұны сейсенбі күні "Рейтер" агенттігі хабарлады.

Өткен аптада кейбір халықаралық жаңалықтар агенттіктері 2034 жылы Футболдан әлем чемпионатын қабылайтындықтан, Сауд Арабиясы спирттік ішімдіктерді туристік орындарда сатуға рұқсат беретінін туралы мәлімет таратты. Бірақ сол медиа ұйымдар осы хабарға байланысты дерекөзді атамады.

Бір кездегі әсіре консервативтік корольдік өз экономикасын әртараптандыруға бағытталған жоспар мен мұнайға тәуелділікті төмендету шаралары аясында халықаралық бизнес пен туристерді тарту үшін кейбір шектеулерді жеңілдеткені белгілі.

Елде арақ-шарапқа тыйым салығанымен, саудиялықтар мен шетелдіктер бұрын елестету мүмкін емес шараларға қатыса алады. Мысалы – шөл даладағы би кештеріне, сән байқауына және кинопремьераларға. Алкоголь сату ережелері туралы мәліметтер әлеуметтік желіде үлкен пікірталасқа себеп болып отыр. Осы тұста айта кетсек, Саудия королі екі қасиетті орын – исламда аса құрметті саналатын Мекке мен Мәдинаның сақтаушысы титулына да ие.

Сауд Арабиясының іс жүзіндегі лидері, тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман (МБС) бірқатар реформаларға мұрындық болып отыр. 2017 жылы ол әйелдердің көлік жүргізуіне рұқсат беріп, қоғамдық орындарды жыныстық бөлінуді доғарып, діни полицияның өкілеттігін қысқартты.

Сауд Арабиясы мен Кувейт – Парсы шығанағы аймағында алкоголь сатуға тыйым салған екі ел ғана.

Дегенмен, өткен жылы Саудия астанасы әр-Риядта ішімдік сататын алғашқы дүкен ашылды. Ол мұсылман емес дипломаттарға ғана қызмет көрсетіп отыр.

Оған дейін мұнда алкогольдік сусындарды тек дипломатиялық пошта арқылы немесе "көлеңкелі нарықтан" алдыруға болатын.