Жыл соңына дейін қаланың барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Алатау қаласына жұмыс сапары барысында байланыс сапасын арттыру және телекоммуникация қызметтерін қолжетімді ету мәселелерін пысықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Комитет өкілдері қалалық әкімдік және байланыс операторларының мамандарымен бірлесе отырып, "Заречный" және "Жетіген" шағын аудандарын, сондай-ақ "Алматы-Қонаев" автожолын тексерді.
Іс-шара барысында "Мобайл Телеком-Сервис" компаниясының бесінші буын (5G) желісінің алғашқы базалық станциясы іске қосылды. Жаңа станция желінің өткізу қабілетін арттырып, тұрғындарға жоғары жылдамдықты мобильді интернетке қол жеткізу мүмкіндігін береді.
Іс-сапар соңында, Алатау қаласы әкімдігінде телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Кездесуде 5G желілерін одан әрі енгізу, мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үй массивтерін жоғары сапалы байланыспен қамтамасыз ету және өңірдегі жалпы байланыс сапасын арттыру жоспарлары қаралды.
Сапар қорытындысы бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Алатау қаласын сапалы мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілді. Құжатта инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту, жаңа желілерді салу және әлеуметтік нысандар мен білім беру мекемелерін жоғары жылдамдықты интернетке қосу шаралары қарастырылған.