Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-майоры Бауыржан Әленов бастаған делегация Вьетнам астанасы Ханой қаласында өткен БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған құжат ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаһандық киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
ҚР ІІМ Конвенция жобасын әзірлеу барысында ұлттық мүдделерді ұстана отырып, мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар енгізіп, белсенді жұмыс атқарды.
Конвенцияға қол қою Қазақстанның цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, киберқатерлерге қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін жетілдіру және киберқауіпсіздік саласында басқа елдермен әріптестікті нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатын іске асырудағы маңызды қадам болды.
Конвенцияға қосылу Қазақстанға:
• басқа елдермен электрондық дәлелдемелермен жедел алмасуға;
• трансшекаралық киберқылмыстарды тергеу кезінде тиімді өзара іс-қимыл жасауға;
• азаматтарды интернет-алаяқтықтан, кибершабуылдардан және цифрлық кеңістіктегі өзге де қауіптерден қорғауға мүмкіндік береді.