Бұл туралы елдің Премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчук айтты.
Оның сөзінше, Ресей Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға тауарларды теміржолмен тасымалдауды жолға қоюға жақын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қос тарап қазір осы мәселені ұйымдастыруды қолға алған.
– Әзербайжан тарапы Ресей өнімдерін Арменияға транзитпен өткізу үшін өз теміржолдарын пайдалануға мүмкіндік бар екенін растады. Бұл бағытта оң өзгерістер байқалады. Қазір "Ресей темір жолдары" компаниясы өңірдегі әріптестерімен бірлесіп тасымалдың ұйымдастыру мәселелерін талқылауда. Сондай-ақ, Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігіне жаңа логистикалық бағытты игеру тапсырылды, – деді А.Оверчук.
Осыған дейін Әзербайжан көшбасшысы Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Арменияға транзиттік жүк тасымалына қойылған шектеулердің алынғанын мәлімдеген еді.
Айта кетерлігі, аталған жаңа бағыт бойынша алғашқы тасымалданған жүк қазақстандық бидай болды. Бұл қазақстандық экспорт үшін айтулы жаңалық саналды.