Жаңа жүйе арқылы шығындарды 2,5 млрд теңгеге азайтуға болады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында ЖИ-ге негізделген екі пилоттық жобаның сәтті іске асқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл екі жасанды интеллект шешімі пилоттық апробациядан сәтті өтті. Бірінші кейс – дрондар мен жасанды интеллектіні қолдана отырып, әуе электр беру желілерінің ақаулықтарын тексеру (дефектоскопия) жүйесі. Осы жүйе арқылы шығындарды 2,5 млрд теңгеге азайтуға болады", – деді ол.
Министрдің сөзінше, бұл технологияны құбырларға қолдану үшін дронның орнына робот пайдалануға болады.
"Екінші кейс – роботтандырылған кешен мен жасанды интеллектіні қолдана отырып, жылу желілері құбырларының ішіндегі ақауларды тексеру. Оның арқасында құбырларды жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлау арқылы 42 млрд теңге үнемделеді. Бұл екі кейс те қазір нормативтік бекіту және өнеркәсіптік масштабтау кезеңінде тұр", – деді Ерлан Ақкенженов.