Қаза тапқандар бар.

Израиль армиясы Газа секторында ХАМАС позицияларына қарсы соққы жасады. Ақпаратты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.

"Қауіпсіздік мәселелері бойынша өткен кеңестен кейін премьер-министр Нетаньяху әскери күштерге Газа секторына жаппай соққы жасауды тапсырды", – делінген хабарламада.

ЦАХАЛ сектордың оңтүстігіне және Газа қаласына әуе соққыларын жасаған. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігі 9 адамның қаза тапқанын хабарлады.

Бұған дейін Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац ХАМАС жасақтарын Газа секторында ЦАХАЛ сарбаздарына шабуыл жасап, бітім шартын бұзды деп айыптаған. Десек те, ол шабуыл нақты қай жерде болғанын айтпады. БАҚ мәліметінше, оқиға Мысырмен шекарадағы Рафах қаласының маңында болған.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Газа секторында бітім режимі сақталып отырғанын жеткізді.

9 және 25 қазан күндері де Газа секторына шабуыл жасалған болатын.

Айта кету керек, бұған дейін Израиль Газаға шабуылын тоқтатқанын жазғанбыз.