Жануарлар ойда-жоқта аударылған жүк көлігінен қашып шыққан.
Соңғы мәліметке сай, Миссисипи штатында "гепатит С, герпес және COVID-19 вирусын тасымалдауы мүмкін" делінген маймылдар көпшілікті алаңдатып қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Билік мәліметінше, бір маймыл әлі табылмай жатыр. Маймылдар торда болған, ал жүк көлігі I-59 федералды тас жолында, Гейдельберг қаласының солтүстігінде апатқа ұшыраған, – делінген ресми хабарламада.
Кейіннен жүк көлігінің маймылдарды Флорида штатындағы арнайы зерттеу орталығына апара жатқаны белгілі болды.
The Guardian басылымының жазуынша, салмағы шамамен 12 келі тартатын маймылдар адамдарға агрессивті мінез көрсеткен. Сол себепті, оларға жақындау үшін тек жеке қорғаныс құралдарын киюге рұқсат берілген.
– Жергілікті полиция өкілдері бір маймылдан басқасының бәрі жойылғанын хабарлады. Қазір соңғы маймылды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп мәлім етті жергілікті билік.