Бүгін Түркістан қалалық мәслихатының мәжіліс залында тұрақты комиссияның отырысы өтті. Жиынды қалалық мәслихат депутаты Мәди Аманжол жүргізді.

Отырыста қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің дербес бөлім басшылары, БАҚ өкілдері, Бекзат секторының меңгерушісі және қала тұрғындары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе — Бекзат шағынауданындағы атауы жоқ көшеге белгілі қоғам қайраткері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Эйлер Джамалетдинұлы Сүлейменовтың есімін беру болды.

Аталған ұсыныс ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес әзірленіп, “Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау, транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде халық пікірін ескеру қағидалары” аясында жария тыңдау өткізуге негіз қаланды. Бұл жөнінде 2025 жылғы 19 қыркүйекте «Түркістан» газетінде ресми хабарлама жарияланған болатын.

Жиын барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы ұсынылған атауға қатысты баяндама жасап, қоғам қайраткерінің еңбегін атап өтіп, ұсынысты қолдауға шақырды.