Келісім бірқатар мәселелерді реттейді.
Сенат "Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Сіздердің қарауларыңызға "Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңы ұсынылып отыр. Құжат Тараптардың сұрау салуы негізінде қылмыстық қудалау жүргізу немесе соттың үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан кез келген тұлғаны ұстап беру тәртібін айқындайды", – деді сенатор.
Келісім қылмыс жасаған адамдар үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған және келесі мәселелерді реттейді:
1) тараптардың заңнамасына сәйкес бас бостандығынан айыру мерзімі кемінде бір жыл немесе неғұрлым қатаң жаза көзделген қылмыстар жасаған күдіктілер мен айыпталушыларды қылмыстық қудалау мақсатында беру тәртібі;
2) жоғарыда атап өтілген қылмыстар бойынша сот үкімін орындау мақсатында ұстап беру тәртібі, егер сұрау салу келіп түскен кезде өтелмеген жаза мерзімі кемінде алты айды құрайтын болса;
3) ұстап беруден бас тартудың міндетті және факультативтік негіздері, атап өтетін болсақ қылмыстың саяси сипаты болған, өлім жазасы көзделген немесе ұлттық заңнама мен халықаралық міндеттемелерге қайшы келетін жағдайлар.
"Тараптардың өз азаматтарын ұстап беруге жол берілмейді. Келісімді іске асыру жазбаша түрде сұрау салу негізінде жүзеге асырылады. Сұрауға қатысты қабылданған шешім туралы ақпаратты сұратылған Тараптың орталық органы сұратушы Тараптың уәкілетті органына дереу хабарлайды. Аталған құжат шеңберінде өзара іс-қимыл жасайтын орталық органдар ретінде Қазақстан Республикасынан – Бас прокуратура, ал Марокко Корольдігінен – Әділет министрлігі айқындалады. Сонымен қатар, құжаттың орындалуына байланысты шығыстарды өтеу тәртібі, дауларды шешу рәсімдері және өзге де құқықтық нормалар көзделген", – деді Мұрат Қадырбек.