Компаниялар республикалық автожолдарды қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмыстарын тиісті түрде орындамаған.

Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

9 айдың ішінде 33 жаңа жол бойындағы нысан салынып, қолданысқа берілген. Жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 30 санитарлық-гигиеналық торап іске қосылды. Олардың ішінде жылы әжетханалар, шағын дүкен және кафетерийлер бар.

"Қазіргі таңда олардың санын 155-ге жеткіздік. Алдағы жылдары осындай модульді кешендердің санын арттырып, жол бойындағы салқын әжетханаларды кезең-кезеңмен азайтуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ жол бойындағы нысандарға арнайы "дизайн код" әзірлеп, оларды бірыңғай түске бояп, ортақ стандартқа әкеліп жатырмыз", – деді Дархан Иманашев.

Оның айтуынша, жол-құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде жолдың сапасына ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері мердігерлер салған жобалардан 2777 ақау анықталды, оның 1400-ге жуығы бүгінгі күні жойылып, қалған ақауларды жою жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.

"Жыл басынан бері жұмыстарды сапалы орындамағаны үшін техникалық бақылау қызметтеріне 200 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 36 маман жұмыстан босатылды. Сондай-ақ республикалық автожолдарды қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмыстарын тиісті түрде орындамағаны үшін 10 мердігер компания соттың шешімімен жосықсыз компаниялардың тізіміне енгізілді", – деді компания басшысы.