ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның бұрынғы төрағасы Жандар Омаровқа қатысты соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемдену дерегі бойынша, сонымен қатар, қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз көтеру жолымен ұрлық жасады деген күдікке ілінді.

"Бұл мақсатта ол өзімен байланысты Green Mart Kazakhstan ЖШС-нің басшысын тартқан. Ол бағдарламаға қатысушы болып көріну үшін достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеген. Шын мәнінде бұл тұлғалар ешқандай қызмет атқармаған және жобаға қатыспаған. Жалған құжаттар негізінде қорға 1,4 млрд теңге көлемінде лизинг алу туралы өтініш ұсынылып, олар кейін қор тарапынан мақұлданған. Байқау рәсімдерін өткізбестен, жеткізуші ретінде бір ғана қатысушы — Green Mart Kazakhstan ЖШС таңдалған. Қаражат түскен соң оның бір бөлігі кәсіпорындардың есепшоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған", — деп жазылған ҚМА хабарламасында.

Сонымен қатар, жабдықтар қымбат жеткізілген, ал жұмыстар орындалмаған. Салдарынан мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 430 млн теңгеден асқан.

АҚ-ның бұрынғы төрағасы 2 айға қамауға алынды. Қазір соталды тергеу жүргізіліп жатыр.

"Бұған қоса, осы іс бойынша қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Ысқақов пен Green Mart Kazakhstan ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 4 көлік тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", — деп жазылған хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget