Алаяқтардың қақпанына түсетін қазақстандықтардың саны күн сайын артып келеді. Салдарынан халық тапқан табысынан айырылуда.
Бас прокуратураның дерегінше, 2025 жылдың сегіз айында елде 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген, жалпы шығын 6 миллиард теңгеден асты. Аталмыш қауіптен ешкім қорғалмаған. Білімді азаматтан бастап зейнеткерге дейін алданып жатқан қоғамның басты қателігі неде? Цифрлық дамуда Қазақстан алға жылжығанымен, дәл осы жетістік қылмыскерлердің нысанына айналды. Осы ретте Сaravan.kz медиа порталының тілшісі алданған қазақстандықтың оқиғасын негізге алып, мәселені анықтап көрді.
Биыл келтірілген 6 млрд теңгенің ширегі ғана қайтарылған. 2024 жылы қазақстандықтар қылмыскерлерге 11,5 млрд теңге аударған, 2023 жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп. Жәбірленушілердің қатарында зейнеткерлер де, студенттер де, кәсіпкерлер мен тіпті IT-мамандар да бар.
26 жастағы Алматы тұрғыны Анастасияның оқиғасы телефон алаяқтығының жаңа толқынына тән жағдай. Таңертең оған «мобильді оператор қызметкері» қоңырау шалып, SIM-карта деректерін растауды сұраған.
«Маған Beeline қызметкерімін деп хабарласты. SIM-картамның мерзімі өтіп кеткенін айтып, оны ұзартуға кеңес берді. Олар 1414 номерінен код жіберді, мен ауырып жүрген едім, асығып тұрғандықтан келген кодты айттым», — дейді зардап шегуші Анастасия.
Артынша «банк қызметкері» хабарласып, «күдікті операциялар» туралы ескерткен. Алаяқтардың жолын кесі үшін жедел түрде несие алуға көндірген. Бір күннің ішінде ол 7 млн теңгеге несие рәсімдеп, ақшаны «сақтандыру агентіне» аударып жіберген. Кешке қарай алданғанын түсініп, полицияға шағымданған. Іс қозғалды, нәтиже жоқ. Қылмыскерлер шетелге қашып кеткен.
«Полицияға өтініш бергеннен кейін сізді жәбірленуші деп танып, қылмыстық іс ашады. Осы қағазбен Сіз банкке барасыз, сол жерде тағы бір өтініш жазасыз және несиені тергеу аяқталғанға дейін тоқтатып, төлемдерді кейінге қалдыруды сұрайсыз. Мен байқамай өзіме 7 миллион теңгеге міндеттеме алдым», — деді Анастасия.
Зардап шегуші технологиядан алшақ адам да емес. Ол күнделікті жаңалықтардан хабардар, алаяқтық туралы біледі, интернетте отырады, цифрлық технологиялардан көзі ашық. Десе де, қылмыскерлердің психологиялық қысымна төтеп бере алмады. Қазір зардап шегуші күйзеліске түсіп, арнайы дәрілер қабылдап жүр. Аталмыш оқиға бүкіл қоғамның жанайқайын жеткізіп тұр. ІІМ мәліметінше, 18–30 жас аралығындағы жәбірленушілер саны 2024 жылғы 2 мыңнан 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 3 мыңға жеткен.
Алаяқтықтың өршуі және себептері
Медиаcауаттылық жөніндегі сарапшы Павел Банниковтың айтуынша, 2018 жылдан бері онлайн-алаяқтық деңгейі қырық есе өскен.
«Мұндай өсу екі факторға байланысты: халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығының төмендігі және алаяқтардың әрекет етуіне қажет шектеудің жоқтығы. Қарапайым схема іске асуы үшін көп шығын қажет емес, бәріне қолжетімді жасанды интеллект жеткілікті», — дейді маман.
2020 жылғы пандемия алаяқтардың қулығын іске асыруға мүмкіндіктерді кеңейтті. Интернет қарым-қатынастың, сауда мен қызмет төлемінің негізгі алаңына айналды. Халықтың жеке деректерін, логині мен құпиясөздерін әлеуметтік желі арқылы табу оңай болды. Қазір алаяқтардың көздегені ақша ғана емес, олар жеке деректерді ұрлауға көшкен. Мұндай ақпарат жаңа шабуылдардың шикізатына айналады. 2025 жылғы шілдеде 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі ашық тарап кеткен. Бұл ел халқының басым бөлігін қамтиды. Тұрғындардың тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекен-жайы, тұрғылықты жері, телефон нөмірлері (ұялы, үй, жұмыс телефондары), азаматтығы, ұлты және тағы басқа деректері тарап кеткен. Тергеу көрсеткендей, деректердің бір бөлігі 2022 жылы ұрланған, ал ақпараттың таралуы мемлекеттік жүйелерге заңды қолжетімділігі бар аккаунттар арқылы болған. Бұл барлық ережені сақтайтын қолданушының да қорғалмағанын білдіреді.
ІІМ академиясының аға оқытушысы Нұргүл Құбанованың 2025 жылғы зерттеуінде:
«Қазақстанда банктер, ұялы байланыс операторлары мен мемлекеттік порталдар сияқты инфрақұрылым иелерінің деректерді қорғауға қатысты нақты жауапкершілік нормалары жоқ. Еуропалық одақта мұндай мәселелер GDPR арқылы реттеліп, ішкі қауіпсіздік орталықтарын құру мен киберқорғауға инвестиция салуды міндеттейді. Қазақстанда болса жауапкершілік бірнеше ведомство арасында «бөлініп кеткен», ал қауіпсіздікке қаржы салуға экономикалық ынталандыру тетігі жоқ», — делінген.
Жасырын қылмыстар мен «дропперлер»
2025 жылдың басынан бері 217 дроппер, яғни өз банк карталарын алаяқтарға берген делдалдар қылмыстық жауапқа тартылған. 61 киберқылмыстық топ әшкереленген. Сарапшылардың пікірінше, интернет-қылмыстардың 70–80%-ы тіркелмей қалады.
Павел Банниковтың мәлімдеуінше, соңғы үш жылда онлайн-фродтың көлеңкелі нарығында айтарлықтай өзгеріс болды.
«Ресейдің SWIFT жүйесінен ажырауы және қаржылық бақылаудың күшеюі салдарынан ресейлік және украиналық алаяқтар қазақтілді және орыстілді аудиторияға назар аударып, Қазақстан нарығына бет бұрған. Ең кең тараған схемалардың ішінде телефон арқылы алдау және «ақша мулдарын» іздеу. Бірінші жағдайда құрбанды «операцияны бұғаттау үшін» қаражат аударуға көндіреді, ал екіншісінде — «танысқа көмектесу» сылтауымен картасының деректерін сұрайды. Мұндай әрекеттер қылмысқа қатыстылық ретінде бағаланып, дропперлер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», — дейді сарапшы.
Жаңа алаяқтық өрістер: туризм және әлеуметтік желілер
Қоғамда алаяқтардың жазалануы өте сирек. Қылмыскерлер «нысананы таңдау» емес, «жаппай тарату» әдісімен жұмыс істейді. Телефон нөмірлері мен электронды пошталар базасы әлдеқашан интернет-дүкендер мен ойын платформаларынан, мемлекеттік қызметтерден тарап кеткен. Яғни, кез келген адам кездейсоқ құрбанға айналуы мүмкін.
Банк секторынан тыс алаяқтықтың жаңа бағыттарының бірі — туризм. Guru Tours агенттігінің дауы осының мысалы. Тур алып алданған клиенттердің қарасы көбейген соң, Надежда Шалфеева «Турпомощь» жобасын құрған. Оның айтуынша, күн сайын алданған азаматтар хабарласады. Агенттік иесі төрт жыл сегіз айға сотталса да, көпшілігіне шығын өтелмеген. Ең сорақысы, мүгедек баласы бар ананы сан соқтырған жағдай. Зардап шегуші бар жинаған ақшасын жалған турагенттікке аударып, бәрінен айырылып қалған. «Турпомощь» дерегінше, жәбірленушілердің тек 35%-ы ғана арызданады екен. Қалғандары ұялғаннан немесе қорыққаннан ешнәрсе істемейді. Заңгерлердің айтуынша, ақша жалған тұлғалардың карталарына кетсе, қылмысты дәлелдеу өте қиын.
«Біз осы іспен екі жыл жүгірдік. Бізге бірнеше білікті заңгерлер көмектесті. Осыдан кейін бұл салада шикілік көп екенін түсіндім», — дейді Шалфеева.
Ішкі туризм саласы да цифрлық алаяқтықтан зардап шегуде. Маркетолог Анастасия Васильева Instagram-нан «көл жағасындағы үйді» көрген. 210 мың теңге аударып, соңында демалыссыз қалған. Парақшаның 21 700 жазылушысы, пікірлер мен әдемі суреттер болған. Бәрі шынайы көрінген.
«Алғашқы сезім — ашу емес, ұят. Сен ақшаңды емес, шыдық пен жалғанды ажырата білу қабілетіңді жоғалтасың. Бізді аңғалдықтан емес, адамдарға сенгіміз келгендіктен ұстайды. Бұл кез келген вирустан қауіпті механизм», — деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жасанды интеллект және жаңа формадағы алаяқтық
Жасанды интеллектіні пайдалану жағдайлары да көбейе бастады. Алаяқтар туыстарының, таныстарының дауысын көшіріп алады. Кейін хабарласып, ақша аударуға итермелейді. Дипфейктер арқылы шынайы видео мен аудио хабарламалар жасалады.
«Бұрын орфографиялық қателермен алдайтын, енді сенімділікпен алдайды. Алаяқтар банк қосымшаларының интерфейстерін көшіреді, хабарламаларды бұрмалайды, SMM-воронкалар құрады. Бұл — қылмыстың цифрлық маркетингі. Яғни, кибералаяқтық бүгінде нейрожелілер, таргетинг және мінез-құлық аналитикасын пайдаланатын тұтас индустрияға айналған. Бір қоңыраудың артында адамның реакциясын талдайтын, сценарий жазатын және автоматты түрде «құрбан» таңдайтын тұтас команда тұруы мүмкін», — дейді ақпарат қауіпсіздігі саласының маманы Евгений Питолин.
Құқық қорғау органдары шаралап қабылдап жатқанына қарамастан, көбінесе алданған адам жоғалтқанын қайтара алмайды. Сарапшылар бұл мәселені кешенді шаралар арқылы шешу керек дейді. Мектептерде, ЖОО-ларда және жұмыспен қамту орталықтарында цифрлық және қаржылық сауаттылық бойынша міндетті курстар енгізуді ұсынып отыр. Азаматтар киберқауіпсіздік негіздерін түсінуі қажет. Мемлекет жеке секторды деректер қорғанысына инвестиция салуға ынталандыруы тиіс. Ал банктер клиенттерді анықтау мен транзакцияларды тексеру механизмдерін күшейтуі қажет.
Қолданушылар да интернетке деген көзқарасын өзгертуі тиіс. Бейтаныс хабарламаларға сенбеу, SMS кодтарын ешкімге бермеу, сілтемелерді тексеру, белгісіз адамдардан келген файлдарды ашпау.
«Интернет көше сияқты, мұқият болу керек», — дейді Питолин.
 
                         
                                             
                                            