Прокурор 4,8 млрд теңге өтемақы талап етті.

Алматыда 2019 жылғы Fokker 100 ұшағының апатына қатысты сот отырысында мемлекеттік айыптаушы қайғылы оқиға техникалық ақаудан немесе ауа райынан емес, адам қателігі мен ережені бұзудан болғанын мәлімдеді.

Прокурор Айдос Палмановтың айтуынша, апатқа ұшу экипажының стандартты процедуралардан ауытқуы себеп болған.

"Шындық анықталды – апат техникадан да, ауа райынан да емес, адамның қателігі мен орнатылған ережелерді сақтамаудан болды. Бұл трагедия ұмытылмауға тиіс, ол авиация саласындағы әрбір маманға қауіпсіздікті ең жоғары құндылық ретінде қабылдау керектігін еске салуы қажет", – деді прокурор.

Оның сөзіне қарағанда, экипаж ұшаққа толықтай мұздануға қарсы өңдеу жүргізбеген, тек стабилизаторды ғана тазалап, "таза ұшақ" қағидатын сақтамаған. Сонымен қатар чек-лист талаптары орындалмай, жылдамдық пен қозғалтқыш тарту режимдері дұрыс таңдалмаған.

Прокурор сонымен бірге Bek Air әуекомпаниясында ұшу жұмыстарының ұйымдастырылуы тиісті деңгейде болмағанын, бақылаудың әлсіздігін және үнемдеуге бағытталған тәжірибенің қалыптасқанын атап өтті.

Айыптаушы соттан қайтыс болған ұшқыштар – Марат Мұратбаев пен Мейіржан Молдақұловты кінәлі деп тануды, бірақ олардың қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамауды сұрады. Сондай-ақ, ол жәбірленушілердің 4,8 млрд теңге көлеміндегі азаматтық талаптарын қанағаттандыруды өтінді.


Оқи отырыңыз: Bek Air ұшағы апатына қатысты тергеу нәтижелері жарияланды


Еске салайық, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы — Нұр-Сұлтан рейсін орындаған Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырап, бетон қоршауды тесіп өтіп, екі қабатты ғимаратқа соғылған болатын. Қайғылы оқиға салдарынан 13 адам қаза тауып, тағы 69 адам жарақат алды.