Бас прокуратура өкілдері қазақстандықтарға арнап бейнеүндеу жазып, азаматтарды алаяқтардың құрбанына айналдырмауға көмектесетін ережелерді есте сақтауға үндеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар телефон арқылы хабарласып, өздерін банк, полиция, ҰҚК, әкімдік, тауар жеткізу қызметі немесе пошта қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын иемденуге немесе несие рәсімдеуге тырысады.

Бас прокуратура келесі ережелерді ұстануға кеңес берді:

  • Бөгде адамдармен сөйлеспеңіз.
  • Егер біреу өзін танысыңыз не танысыңыздың досы ретінде таныстырып, шұғыл түрде ақша сұраса немесе қандай да бір қаржылық операция жасауды, не телефонға келген сілтеме арқылы дауыс беруді өтінсе — бірден қоңырауды үзіңіз. Кейін танысыңызға өзіңіз хабарласып, шынымен сол адам ба, соны анықтаңыз.
  • E-Gov немесе Kaspi.kz арқылы атыңызға несие мен қарыз рәсімдеуге тыйым қойыңыз.

Есте сақтаңыз!

  • Шынайы қызметкерлер ешқашан сіздің ақшаңыз туралы сөйлеспейді.
  • Телефон арқылы SMS-тегі кодты немесе картаның деректерін сұрамайды.
  • Видеоқоңырау шалмайды және “сіздің атыңызға несие рәсімделді”, “шотыңыз бұзылды” деген сияқты қорқыту сөздер айтпайды.
  • Егер танысыңыздан күмәнді сілтеме келсе, оған өтпеңіз – оның телефонын алаяқтар пайдаланып жатқан болуы мүмкін. Танысыңызға қайта қоңырау шалып, не жібергенін нақтылаңыз.
  • SMS немесе банк қосымшасындағы кодтарды ешкімге бермеңіз.
  • Күдікті қоңырау түскен жағдайда банктің ресми нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз.
  • Мұндай жағдайда шешім қабылдамас бұрын балаларыңызбен, немерелеріңізбен, көршілеріңізбен немесе учаскелік полициямен ақылдасыңыз.
"Ең басты ереже – телефон арқылы ешқашан сол күні шешім қабылдамаңыз. Алаяқтар әрқашан қорқыту арқылы асықтырады. Егер асықпасаңыз – ақшаңыз бен тыныштығыңыз сақталады", — деп ескертті Бас прокуратура.