«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету мақсатында Шымкент қаласында ауқымды «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.

Іс-шараға барлық салалық ведомстволардың бірінші басшылары, адвокаттар, тәжірибелі заңгерлер, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Акция қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды — шара барысында 1000-нан астам азамат отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік заңнама салалары бойынша білікті заңгерлік кеңес алды.

Азаматтарға өз құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов өз сөзінде атап өтті:

«Ежелгі грек философы Платон айтқандай: «Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады!». Сондықтан бүгін осында барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері әр азаматқа тегін әрі қолжетімді заң көмегін көрсету үшін бір алаңда жиналып отыр», – деді ол.

«Халық заңгері» акциясы – халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтардың заң саласындағы сауаттылығын күшейтуге және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған жыл сайынғы республикалық бастама.

Шара барысында тұрғындарға практикалық кеңестер беріліп, құқықтық көмек көрсету бойынша нақты тетіктер ұсынылды.

«Халық заңгері» акциясы өз жұмысын жалғастырып, әрбір азаматқа кәсіби көмек пен өз құқықтарын қорғау мүмкіндігін ұсынатын болады.