Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мамандары Қармақшы ауданындағы әріптестерімен бірлесіп, аудандағы Шақшақ шатқалына барлау экспедициясын ұйымдастырды. Мамандардың палеонтологиялық кешен саналатын аймақтан тапқан жәдігерлері ғылыми ортаның да, қарапайым жұртшылықтың да қызығушылығын тудырып отыр.

Көп құпияны бауырына басқан шат­қалға ғылыми зерт­теу жұмыстары алғаш рет 1959 жылы кеңес палеонто­логі А.Рождественскийдің же­текшілігімен жүргізіліпті. Сол тұста мезозой дәуірінің бор кезеңінде өмір сүрген динозавр сүйектері табылып, қазір көпшілік «Аралозавр» атап жүр. Палеонтологтердің зерттеу жұмыстары барысында гадрозавр отрядына кіретін Аралозаврдың 93–86 млн жыл бұрын өмір сүргені анықталған. Шақшақтан 1958 жылы табылған алып кесіртке сүйектеріне реконструкция жасалып, қазір жаңа музейден арнайы бөлім ашылды. Осы күнге дейін Қармақшыдағы палеонтологиялық кешенге сырттан да назар аударып отырғандар аз емес.

Музей қызметкерлерінің бұл жолғы барлау экспедициясы нәтижесінде, шатқалдан бор дәуірінде өмір сүрген тіршілік иелері сүйектерінің қалдықтары табылып отыр. Алдағы уақытта ол арнайы мамандар тарапынан жан-жақты зерттеледі. Мамандар енді кешеннің қорғалуына назар салу керектігін айтады. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директоры Сапар Көзейбаевтың айтуынша, елімізде палеонтологиялық кешен өте сирек кездеседі.

и

«Алпыс жеті жылдан кейінгі сол аумаққа жасаған сапарымыз сәтті болды. Көптеген сүйек табылды. Енді сол маңнан үлкен қорғау аймағы жасалуы керек. Тіпті сол аудан аумағындағы Қорқыт ата – Байқоңыр – Марал ишан – Шақшақ бағытында тарихи туризм маршруттарын ұйымдастыруға да әбден болады. Аудан орталығынан қыр беткейге қарай 70–80 шақырым қашықтықта жатқан кешенге апаратын жол да аса бір қиыншылық тудыра қоймайды. Бұл бастамамыз палеонтологтердің тың­ғылықты зерттеуіне ұласса, одан әрі мемлекет қорғауына алып, мәні жоғары мәдени мұра ретінде мемлекет қорғауына алынса, келешекте ЮНЕСКО көлемінде қорғалатын әлемге ортақ мұралар қатарына қосылса деген тілегіміз бар», дейді Сапар Әлиасқарұлы.

Кешен орын тепкен аймақ табиғаты да ерекше. Төбе қабат­тарынан атақты Шарын шатқалы­на ұқсас белгілерді байқай­сыз. Өткен ғасыр ортасында жасал­ған зерттеу жұмыстарынан қал­ған бір белгі – қойылған тақтай­ша да аяқ асты қалудың аз алдында тұр. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, Еуропа ғалымдары кешенде бірнеше рет зерттеу жұмысын жүргізіп, оның қорытындысы бойынша ғылыми журналдарда мақала жариялаған. Соңғы экспедиция тасқа айналған сүйектер тапқалы бері шет мемлекеттерден хабарласатындар жиілеген. Осының өзі кешенді қорғауға кешікпей кірісу керектігін көрсетіп тұр. Мамандар бұл аумақты «Динозаврлар қоры­мы» деген атпен тарихи нысан ретінде тіркеуге алу керектігін айтады.

Жалпы, осыдан 2 жыл бұрын министрліктен сертификат алған музей мамандары облыс аума­ғындағы тарихи және мәдени ескерткіштерге археологиялық жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл Шақшақ шатқалынан бөлек Асанас-3 қалашығында шағын қазба жүргізіп, ортағасырлық мекеннің сырын ашуға алғашқы қадам жасады. Қазіргі күні музей қызметкерлері археология саласында үлкен жобаларға қатысу үшін аккредитациядан өтуге дайын­далып жатыр.

Музей мамандары туризмнің барлық түрін дамыту бастамасын көтерген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін аймақта тарихи туризмді қолға алуға болатынын айтады. Мысалы, өткен дәуір естелігін көргісі келгендер үшін Ұлы Жібек жолы бойындағы Сығанақ, Жанкент қалалары қатарына Асанас, Қыш­қала қалашықтарын қосуға болады. Жетіасар мәдениетіне жататын тарихи орындар қазіргі қалпының өзінде сырттан келген туриске ұялмай көрсетуге жарайтын нысандар.

Талай дәуірлер дерегін бауырына басқан тарихи керемет кешеннен табылған сүйектер қазір жан-жақты зерттеліп жатыр. Ел аумағында сирек кездесетін бұл аумаққа болашақта назар аударатындар қатары көбейе түсері сөзсіз.

ҚЫЗЫЛОРДА