Бұл – қазақ халқының бай мәдени мұрасын паш ететін маңызды мәдени оқиға.

Нидерланд Корольдігінің астанасында 30 қазан күні Алматы қаласы музейлер бірлестігінің "Дәстүр сабақтастығы: ата-баба мұрасы" атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шараға дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың басшылары, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Көрме Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің, Түркия Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігінің және Юнус Эмре институтының қолдауымен ұйымдастырылды.

"Бес тақырыптық бөлімнен тұратын экспозиция Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорынан алынған 70-тен астам бірегей жәдігерді ұсынады. Олардың қатарында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрлерінен сыр шертетін этнографиялық артефактілер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, сондай-ақ қазақ және түркі халықтарының музыкалық аспаптары бар", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Нидерланд Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 10 қыркүйекте орнаған.

Юнус Эмре институтындағы бұл көрме 2025 жылы 14 қарашаға дейін жалғасады.