Суды қатаң үнемдеу мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа бұйрық қабылдады.
Онымен "Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру бойынша көрсетілген қызметтер көлемдерін есептеу әдістемесін" бекітілді.
Құжатқа сәйкес, көп қабатты үйге құбырмен келген су көлемі үшін сол тұрғын үй кешенінде тұратын барлық тұрғынға бөліп төлеуге тура келеді. Елордалық МИБ басшысы Сәбит Оспановтың түсіндіруінше, қазіргі кезде әрбір пәтердің иесі ыстық және суық су үшін тиісті есептегіштердің көрсетілімі бойынша ақы төлейді.
"Алайда ай сайын бәрібір айырма туындайды. "Астана су арнасы" мен "Теплотранзит" нақты бір тұрғын үй кешеніне белгілі бір көлемде су берілгенін тіркейді. Әрбір пәтердің иесі, сондай-ақ бірінші қабаттардағы, жертөледегі коммерциялық үй-жайларды жалға алушылар бір айда қанша суды пайдаланғанын өздері хабарлайды. Осы есептер өзара қабыса бермейді. Мұның бірнеше себебі бар. Кейбір баспана иелері көрсеткішін хабарламайды. Немесе құбыр жүйесіндегі жырық-тесіктен сыртқа біраз су ағып кетіп жатуы мүмкін", – деді МИБ төрағасы.
Жаңа бұйрықпен бекітілген әдістемеге сәйкес, су есептегіштердің көрсеткіштерінен артылып қалған су айырмасы тұрғын үйдегі барлық пәтер арасында бөлінетін болады. Яғни, көрсеткішін уақытылы хабарламайтын көршілер үшін өзге тұрғындарға төлеуге тура келеді.
Өйткені мысалы, бас қалада "Теплотранзит" ыстық судың көрсеткішін дер кезінде мәлімдемегендерге ай сайын 3 текше метр суды өз бетінше қосады. Ал, "Астана су арнасы" ондай "айыппұлды" қолданбайды.
Жаңа әдістемеге сай, жалпы үйлік суды есептеу аспабы – коммуналдық қызметтер үшін басты бағдарға айналады. Енді сіздің пәтеріңіздің емес, дәл соның көрсеткіштері бірінші кезекте басшылыққа алынады.
"Жалпы үйлік ортақ есептеу аспабының көрсеткіштері мен жеке есептеу аспаптарының жиынтық көрсеткіштері арасында теріс айырмашылық туындаса, жеткізуші, коммуналдық қызмет тұтынушылар арасында су көлемін бөлуді қайта есептеуді жүзеге асырады. Бұл норма жалпы үйлік ортақ және жеке су есептеу аспаптары 100% болғанда және бір мезгілде есептеу аспаптарынан көрсеткіштерді алу кезінде қолданылады. Теріс айырма жеке тұтынудың расталған көлемдері негізінде абоненттер арасында тепе-тең қайта бөлуге жатады", – деп мәлімдеді министрлік.
Бұйрықта жазылғандай, суды тұтынушыларға – кондоминиум қатысушыларына сумен жабдықтаудың көрсетілген қызметтерінің көлемі мынадай тәртіппен анықталады:
• жеке және жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабы болмаған кезде – облыстар мен мегаполистердің әкімдіктері бекіткен сумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша;
• жеке есепке алу аспабы ішінара орнатылған және жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабы болмаған кезде – жеке есепке алу аспабының көрсеткіштері бойынша және әкімдік бекіткен сумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша;
• жеке есепке алу аспабын ішінара орнатылған және жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабы болған кезде: есепке алу аспабы барлар үшін – жеке есепке алу аспаптарының көрсеткіштері бойынша; есепке алу аспабы жоқтар үшін – әкімдік бекіткен сумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша;
• 100% жеке есепке алу аспабы болған және жалпы үйлік есепке алу аспабы болмаған кезде – жеке есепке алу аспабының көрсеткіштері бойынша;
• 100% жеке есепке алу аспабы және жалпы үйлік есепке алу аспабы болған кезде – жеке есепке алу аспабының көрсеткіштері бойынша төленеді.
"Жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабының көрсеткіштері мен жеке есепке алу аспабының жиынтық көрсеткіштері және әкімдік бекіткен сумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары бойынша есептелген көлемдер арасындағы айырмашылықты пәтерлер, жанастыра салынған және жапсарлас салынған есептегіштері жоқ тұрғын емес үй-жайлардың иелері төлеуге міндетті", – деп мәлім етті өнеркәсіп министрлігі.
Сонымен, біріншіден, егер тұрғындарда су есептегіші болмаса, онда олардың тұтынған су көлемі облыс не қала әкімдігі бекіткен норма бойынша айқындалады. Бұл жағдайда әрбір үйде тіркелген әрбір адам үшін белгілі бір текше метр судан есептеледі. Мысалы, Астанада 1 адам айына 3 текше метр су тұтынады деп белгіленген.
Екіншіден, егер су есептегіш пәтерлердің бірінде болып, бірінде болмаса, онда аралас әдіс қолданылады – есептегіштердің көрсеткіштеріне әкімдіктің нормативті қосылады.
Үшіншіден, егер әрбір пәтердің жеке есептегіші болса, соның сыртында жалпы үйлік есептегіш орнатылса, осы аспаптар арасындағы айырма тұрғындар арасында бөлінеді.
Егер жалпы үйлік ортақ есепке алу аспабы тұрғын үйге 100 текше метр су берілгенін тіркесе, ал, пәтерлердің есептегіші 95 текше метрді ғана құраса, қалған 5 текше метр әр пәтерде тұратын тұрғын санына қарай пропорционалды бөліске салынады. Үш әдісте де пәтер иелеріне көп су жұмсайтын көршісінің ауыртпалығын қоса көтеруге тура келетін түрі бар.
Сумен жабдықтау және кәріз-канализацияға арналған жаңа әдіс 2025 жылғы 1 шілдеде күшіне енеді. Яғни, ол тек желтоқсанда келетін түбіртекте көрініс табуы мүмкін.
Қоғам сынына жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "жаңа әдістеме қазақстандықтардың су үшін ақысын арттырмайды" деп жуып-шаюға тырысуда.
"2025 жылғы 1 қарашадан сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің көлемін есептеу бойынша жаңа әдістеме күшіне енеді. Кейбір БАҚ жаңа есептеу тәртібі енгізілгеннен кейін қазақстандықтар көршілерінің есебінен суды қымбатырақ төлейді деп хабарлаған еді. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдейді. Қабылданған әдістеме жаңа төлем түрлерін енгізбейді және су үшін төлем мөлшерін арттырмайды", – деп уәде етті өнеркәсіп министрлігі.
Ведомствоның түсіндіруінше, құжаттың мақсаты – суды жеткізу және бұру көлемін анықтаудың бірыңғай ережелерін белгілеу. Төлем бұрынғыдай су есептегіш көрсеткіштері бойынша жүргізіледі.
Яғни, тұтынушы мен су арнасы желілерінің шекарасында орнатылған құрылғы деректері негізге алынады. Ал, есептегіші жоқ тұтынушылар үшін төлем мөлшері әкімдік бекіткен тұтыну нормалары бойынша есептеледі.
"Көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары үшін де есептеу тәртібі өзгермейді. Егер үйде жалпы үйлік су есептегіш орнатылып, кейбір пәтерде жеке есептегіш болмаса, онда жалпы үйлік және жеке көрсеткіштер арасындағы айырмашылық кондоминиум қатысушылары арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Мұндай тәртіп бұрыннан қолданыста болған, енді түсінбеушіліктердің алдын алу үшін ол жаңартылған әдістемеде нақты бекітілді", – деді министрліктің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керімқұлов.
Оның мәлімдеуінше, осы әдістемені қабылдау сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне ақы төлеудің ұлғаюына әкелмейді.
"Әдістеме төлем қағидаттарын өзгертпейді. Ол тек жүйені барынша ашық етеді. Есептегіші бар тұтынушы тек өз тұтынған суы үшін төлейді, ал есептегіші жоқтар бекітілген норма бойынша. Жалпы үйлік және жеке есептегіштер арасындағы айырмашылық бұл ортақ үй қажеттіліктері, ал ол ешқандай қателік те, айыппұл да емес. Жасырын қосымша төлем болмайды. Мұндай есептеу тәртібі бұрыннан бар еді", – деді Нұрсұлтан Керімқұлов.
Демек, "су ақысы өспейді", деп кепілдік береді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. Бірақ мұның шын солай екенін, әлде жалтарма жауап екенін желтоқсан көрсетеді.