Бірқатар күдікті ұсталып, басқа қатысушыларға қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шаралары қолданылды .

Қостанай облысы полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері такси қызметінің атын жамылып, интимдік қызметті ұйымдастырып, жезөкшелікпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, тергеу барысында қыздардың қаладағы бірнеше саунаға жеткізіліп, онда интимдік қызмет көрсеткені анықталды. Тізімде 12 сауна бар. Полиция сауналардың әкімшілерін және ақылы интимдік қызмет көрсеткен тұлғаларды анықтады.

Қылмыстық топ ауылдардан шыққан, әлеуметтік тұрғыдан осал және аз қамтылған отбасылардан шыққан жас қыздарды алдап, қорқыту және күш қолдану арқылы жезөкшелікке тартқан. Оларды жалдамалы пәтерлер мен гараждарда ұстап отырған.

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Тінту барысында көп мөлшерде қолма-қол ақша, құжаттар, техника, банктік карталар және қылмыстық қызмет барысында пайдаланылған деп болжанған тоғыз автокөлік тәркіленді.

Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі жалған банктік шот арқылы заңдастырылғаны анықталды. Бұл қаражат көлік, тіркеме және гараждар сатып алуға жұмсалған.

– Аталған факті бойынша "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру" бабымен бөлек іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр. Ішкі істер органдары жеңгетайлық пен интимдік қызмет көрсету арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады, – делінген хабарламада.