Алматы облысында үш көліктің қатысуымен жол апаты орын алды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы облысы Қарасай ауданының полиция басқармасы Instagram желісінде жол апатының мән-жайын хабарлады. Полиция хабарламасына сәйкес, жол-көлік оқиғасы 1 қарашада сағат шамамен 07:15-те Алматы – Бішкек тасжолының 41-шақырымында болған.

"Алдын ала мәлімет бойынша, Lexus RX300 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кетіп, Toyota Land Cruiser 100 және Toyota Camry автокөліктерімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан барлық жүргізушілер мен жолаушылар түрлі жарақаттармен Қаскелең қалалық ауруханасына жеткізілді", — делінген полиция басқармасының хабарламасында.

Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

"Ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерден абай болуды, жылдамдық режимі мен жол қозғалысы ережелерін сақтауды сұраймыз", — деп ескертті полиция өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз