Franceinfo хабарлауынша, Париждегі әйгілі Лувр музейінде бұрын-соңды болмаған ұрлық жасалды. Жексенбі күні таңертең музей ашыла салысымен ішіне белгісіз адамдар кіріп, ерекше құндылығы бар тарихи әшекей бұйымдарды алып кеткен. Сол күннің өзінде музейді толық жауып, тергеу жұмыстары басталып кетті, деп жазады Egemen.kz.

Ұрылар музейге қалай кірді?

Музей жылына тоғыз миллионға жуық адам қабылдайды. Осындай үлкен әрі қауіпсіздік деңгейі жоғары нысанда мұндай оқиғаның болуы көпшілікті таңғалдырды. Бұл оқиға 19 қазан күні таңертең, музей есігі ашылған сәтте орын алған. Қала тұрғыны мотоцикл шлемін таққан күдікті адамдарды көріп, дереу хабарлаған. Шамамен сағат 9:30 шамасында олар Луврға кіреді. Мәдениет министрі Рашида Дати сол күні таңертең бұл жайт туралы желі арқылы хабар таратты. Оның айтуынша, адам зардап шекпеген.

Министр Лоран Нуньес түсіндіргендей, қылмыскерлер Франсуа Миттеран жағалауындағы Аполлон галереясының терезесін жарып кірген. Олар терезені кесу үшін арнайы құрал қолданған. Оқиғаның өзі бар болғаны жеті минутқа созылған. Ұрылар жүк көтеретін техниканы пайдаланып терезеге көтерілген. Кейін скутерге отырып қашып кеткен. Ал көтергіш тұрған фургон сол жерде қалдырылған. Тергеу тобының айтуынша, бұл алдын ала зерттеліп дайындалған қылмыс.

Franceinfo дерегіне қарағанда, бастапқыда төрт адам келген. Екі адам жүк көтергіште болған, екеуі скутермен жүрген. Олар қауіпсіздік аймағын белгілеу үшін конустар қойған. Терезені кесіп, ішке өтіп, екі витринаны сындырған. Күзетшіге қоқан лоқы жасалған. Мұражай қызметкерлері қауіпсіз жерге барып, сағат 9:37-де сигнализация қосылған. Бір минуттан кейін ұрылар оқиға орнынан скутермен жасырынған.

Не ұрланды?

Францияның Мәдениет министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің айтуынша, 8 тарихи асыл бұйым жоғалған. Бұл бұйымдардың арасында Париж сарайларына тиесілі көне тәждер, асыл тастармен әшекейленген алқалар мен сырғалар бар. Аполлон галереясында сақталған бұл бұйымдар ерекше құнды. Ұрылар алып кеткен асыл бұйымдар арасынан бір тәж кейін музейге жақын маңнан табылған. Оның үстінде 1354 бриллиант және 56 изумруд бар екені жазылған.

«Біз төрт адамның қылмыс жасағанын анық көріп отырмыз. Олар көтергіш платформаны терезеге жақындатып, кесіп кірген. Бізде камера жазбалары бар. Олар бұл оқиғаны мұқият жоспарлаған. Кімнің артында тұрғаны туралы нақты нұсқа жоқ. Тіпті есірткі бизнесіне қатысы бар топ болуы да мүмкін. Біз ешбір нұсқаны жоққа шығармаймыз», деді Париж прокуроры Лора Бекко.

Тонаушы топ торға түсті

Париж прокуроры Лора Бекко Лувр музейіндегі ұрлық ісіне байланысты тергеу барысы туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, бұл қылмыс алдын ала ойластырылғанымен, оны ұйымдастырғандар жоғары деңгейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ емес. Бұл туралы «Европейская правда» басылымы жазды.

Лора Бекко қазіргі уақытта анықталған деректер күдіктілердің кәсіби қылмыстық топтарға тән белгілері жоқ екенін көрсететінін атап өтті.

«Бұл іс ерекше болғанымен, күдіктілер күрделі операциялар жасайтын ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері емес. Тергеу барысында төрт күдіктінің де, сонымен қатар олардың бірімен жақын байланыста болған адамның да кәсіби қылмыскерлерге тән сипаттары анықталмады», деді ол.

Прокурор күдіктілердің жергілікті тұрғындар екенін айтты. Оның болжамына сәйкес, олар Париждің солтүстігіндегі Сена Сен Дени ауданынан болуы мүмкін. Бұл аудан әлеуметтік жағдайы төмен аймақ ретінде белгілі.

Қазіргі уақытта төрт күдіктінің үшеуі ұсталды. Прокурор Лора Бекко кем дегенде бір адамның әлі бостандықта жүргенін растады. Сонымен қатар ол басқа қатысушылардың болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.