Өңірде кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 15 дерегі анықталды.

Қызылорда облыстық Экология департаментінің қызметкерлері биыл 10 айда 46 субъектіге тексеру жүргізіп, 100-ге тарта экологиялық заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңбұзушылықтарға байланысты әкімшілік іс қозғалды. Жеке және заңды тұлғаларға 14,8 млрд теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 42,5 млн теңгесі өндірілді.

"Заңсыз карьерлерді анықтау, зерттеп-қарау, мониторинг жұмыстарын жүргізу, осы бағытта тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен бірлескен рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді. Аталған шара қорытындысымен кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 15 дерегі анықталды. Құқық бұзушыларға барлығы 2 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды", – делінген департамент хабарламасында.