Премьер-министр Олжас Бектенов қыркүйекте жаңартылған банк шоттары туралы ақпаратқа қол жеткізу ережелеріне қатысты Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
2025 жылғы 12 қыркүйекте "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" порталында Қаржы министрінің "Банк шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері, қозғалысы мен қалдықтары туралы ақпарат ұсыну нысандарын бекіту туралы" бұйрық жобасы жарияланған болатын.
Мәжіліс депутаттарының пікірінше, бұл жаңашылдық Конституция мен заңдарға қайшы және азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарына тікелей қол сұғады.
Премьер-министр өз жауабында былай деді:
"Әлемдік тәжірибеде көптеген мемлекеттер (АҚШ, Франция, Германия, Ресей, Қытай, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және т.б.) салық органдарына банк ақпаратын сұрату арқылы немесе автоматты түрде алуға рұқсат береді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, салық органдарының банк деректеріне қолжетімділігі неғұрлым кең әрі жедел болса, соғұрлым көлеңкелі экономика төмендеп, салық тәртібі нығаяды."
Оның айтуынша, Францияда банктер шоттар, пайыздар және дивидендтер бойынша автоматты есеп беруге көшкеннен кейін салық төлемеу фактілері бес жылда үш есеге артқан, ал көлеңкелі экономика ІЖӨ-нің 10–11%-ын ғана құрайды, бұл Еуроодақ елдерінің ішіндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Сонымен қатар, Бектенов атап өткендей, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдары банктерден ақпаратты сұрау негізінде ғана алады.
"Мемлекеттік кірістер органдарына бюджетке салықтар мен төлемдердің толық әрі уақтылы түсуін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Егер ақпарат тек сот шешімі арқылы берілетін болса, бұл қажетті мәліметтерді алу мерзімін ұзартып, бюрократияны арттырады, қосымша әкімшілік кедергілер тудырады, мемлекеттік кірістердің азаюына және көлеңкелі экономиканың өсуіне әкеледі, сондай-ақ сот органдарының жұмыс жүктемесін көбейтеді", – деді Бектенов.
Бұған дейін Өскеменде жол жөндеуге бөлінген 120 млн теңге пәтер мен көлік алуға жұмсалғанын жазғанбыз.