Түнде Таразда полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегін анықтады. Патрульдік полиция экипажы жол қозғалысына қауіп төндірген BMW автокөлігін байқап қалған. Алайда жүргізуші полицияның заңды тоқтату талабына бағынбай, қашуға әрекеттенген, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқық қорғау қызметкерлері көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстаған. Тексеру барысында ер адамның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
"Оның әрекеті ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін еді, алайда полицейлердің қырағылығы мен кәсібилігінің арқасында ықтимал жол апатының алдын алынды. Жүргізушіге көлікті мас күйде басқарғаны, полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны және қарсы бағытқа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды", делінген хабарламада.
Полиция тұрғындарға мас күйде көлік басқару адам өміріне қауіп төндіру, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу болып табылатынын ескертеді. Әр азамат өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігі үшін жауапты екенін ұмытпауы тиіс.