27 млн тонна астық қамбаға құйылды .
Республика бойынша астық жинау толығымен аяқталды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы жылы тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақты және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық жыл болды. Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды. Олар тек табысты емес, сонымен бірге топырақтың құнарын арттырып, ауыспалы егісті жақсартады. Мысалы, бұршақ дақылдары топырақты азотпен байытып, кейінгі дақылдардың өнімділігін арттырады", – деді ведомство басшысы.
Айдарбек Сапаров республика бойынша астық жинау толығымен аяқталғанын айтты.
"16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділікпен 27 млн тонна астық қамбаға құйылды. Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп. Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарғанымен, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артты. Бұл озық агротехнологиялардың тиімділігін тағы да дәлелдейді. 4 млн тоннаға жуық арпа жиналды", – деп атап өтті ол.
Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет 1 млн тоннаға жеткен. Майлы дақылдар бойынша рекордтық 4,3 млн тонна жиналды және егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр.
Министрдің мәліметінше, 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Елде мақта жинау жұмыстары да аяқталған.